35748 әскери бөлімі оқу жылының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласының Көрме орталығында механикаландырылған бригаданың 2024–2025 оқу жылындағы жауынгерлік дайындық пен әскери тәртіпті қорытындылауға арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға әскери қызметшілермен қатар олардың отбасы мүшелері және әскери сала ардагерлері қатысты. Қатысушылар ұжым ішіндегі қолдау мен бірліктің әскери қызметтегі маңызды рөлін атап өтті.
Жиынды ашқан бригада командирі, подполковник Сергей Сергеевич Бибулатов жеке құрам мен олардың отбасы мүшелеріне бірлескен еңбектері үшін алғыс білдірді.
"Сіздердің еңбекқорлығыңыз бен тәртіптілігіңіздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Әрқайсыңыздың ортақ іске қосқан үлесіңіз зор. Баршаңызға қызмет жолында табыс тілеймін" Подполковник Сергей Бибулатов
Жиын барысында командир орынбасарлары мен қызмет басшылары тәрбие және идеологиялық жұмыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әскери тәртіп, жауынгерлік дайындық бағыттары бойынша жылдық есептерін ұсынды. Сондай-ақ офицер-мамандар атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңде шешуді талап ететін басым міндеттерді баяндады.

Оқу жылының қорытындысы бойынша бригаданың жауынгерлік дайындық, әскери тәртіп, тыл қызметі, қару-жарақ және әскери техникамен жұмыс бағыттары бойынша жалпы рейтингі шығарылды.
«Біртұтас ел – біртұтас жер» ұранымен өткен оқу жылы офицерлер мен сержанттардың кәсіби шеберлігін арттыруға, сондай-ақ барлық деңгейдегі штабтардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталды.
Далалық оқу-жаттығулар кезінде командирлер жеке құрамның даярлық сапасына айрықша назар аударып, кіші командирлер бөлімшелерді басқару, қару-жарақ пен әскери техниканы тиімді пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жұмыстар жүргізді.

Өткен оқу жылында бригада бөлімшелерінде 13 кенеттен тексеру өткізілді. Нәтижесінде бөлімшелер «Жауынгерлік дайын» деген жоғары баға алды. Сонымен қатар 6 командалық-штабтық және бірлескен тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылды. Оқу-жаттығуларды тексерген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық комиссиясы бригада басқармасы мен батальон (дивизион) штабтарының жұмысына «Жақсы» деген баға қойды.
Оқу полигондарында 30-дан астам атыс жаттығулары, 2000-нан астам оқу және бақылау атыстары, шамамен 1000 жауынгерлік машиналарды жүргізу сабағы және 70-ке жуық жауынгерлік үйлестіру іс-шаралары өткізілді. Бұл көрсеткіштер бригаданың жоғары жауынгерлік әзірлігін дәлелдейді.
Жиында 2025 оқу жылына арналған жауынгерлік жарыстың жеңімпаздары анықталып, үздік батальон, рота, батарея, взвод және бөлімшелер марапатталды. Оларға ауыспалы кубоктар, вымпелдер және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар әскери тәртіп пен жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен аяқталды.