Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қызметкерлері Павлодарлық кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ағымдағы жылдың 21 ақпанында жәбірленуші жұмысқа кетіп, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан, осыған байланысты ол хабар-ошарсыз жоғалған деп танылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сол күні кәсіпкердің Павлодарда күдіктімен оның тұрғын үйінің ауласында кездескені анықталды.
Қаржылық келіспеушіліктерге байланысты олардың арасында жанжал туындап, қаскүнем жәбірленушінің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші сол жерде алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қылмыстың ізін жасыру мақсатында күдікті марқұмның денесін және оның автокөлігін гаражына жасырып, кейін Қазақстаннан шығып, шетелге қашып кеткен.
Осы жылдың наурыз айында ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Оған айып тағылған қылмыс бойынша 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.