Оқушылар әскери бөлімнің өмірімен танысты

847
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Ақтау қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3502 әскери бөлімінде мектеп оқушылары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Отан қорғаушылардың күнделікті қызметін жан-жақты таныстыру, әскери тәрбиенің мән-маңызын ұғындыру және жасөспірімдер бойында патриоттық рухты қалыптастыру.

Аталған іс-шараға қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары мен облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушілері қатысты. Қонақтарды бөлім басшылығы қарсы алып, алдымен әскери бөлімнің жалпы құрылымы мен міндеттері жөнінде ақпарат берді.

Оқушылар әскери бөлім аумағын аралап, сарбаздардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін көрді. Балаларға казарма ішіндегі бөлмелер, жауынгерлердің жеке құрамға арналған жабдықтары және әскери тәртіп талаптары түсіндірілді. Тұрмыс жағдайымен қатар, жауынгерлердің тәртіп пен жауапкершілікке негізделген күн тәртібі де көрсетілді.

Саптық дайындық өтетін алаңда оқушыларға сапқа тұру ережелері, әскери бұйрықтарды орындау тәртібі мен дене шынықтыру жаттығуларының маңыздылығы таныстырылды. Әскери қызметкерлер жас буынның сұрақтарына жауап беріп, сарбаз өмір әр кезеңін мысалдар арқылы түсіндіріп отырды.

Оқушыларға қару-жарақ сақтайтын қойма, арнайы техника паркі және әскери бөлімде қолданылатын түрлі құралдар көрсетілді. Әскери техникаға жақыннан үңілген оқушылар оның қызметі мен мүмкіндіктері туралы ақпарат алды. Инструкторлар әрбір техниканың қажеттілігі, пайдалану ерекшелігі және қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндірме берді. Сондай-ақ, бөлімнің асханасы да таныстырылып, ондағы санитарлық талаптар мен сарбаздардың тамақтану тәртібі жөнінде мәлімет берілді. Әскерилер тағамның калориялық құрамы мен жасақтың денсаулығын сақтаудағы маңызын атап өтті.

Іс-шараға қатысқан оқушылардың бірі – облыстық мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Ерсайын алған әсерімен бөлісті:

– Бүгінгі іс-шара маған ерекше әсер қалдырды. Әскери бөлімдегі тәртіп пен жауапкершілікті өз көзіммен көрдім. Сарбаздардың бір күндік қызметінің қаншалықты тынымсыз әрі маңызды екенін ұғындым. Әсіресе, әскери техниканы жақыннан көріп, оның қызметімен танысу маған үлкен қызығушылық сыйлады. Болашақта ел қорғаушы болу – үлкен мәртебе екенін түсіндім, – деді ол.

Бөлім командирінің  айтуы бойынша, ашық есік күні дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мұндай шаралар жас буынның бойында отансүйгіштік сезімді арттырып қана қоймай, олардың әскери қызмет туралы түсінігін кеңейтеді.

Майор Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -