1991 жыл—Қазақстанның өзіндік жолын айқындап, жаңа таңын атырған тарихи кезең. Сол жылы дүниеге келген әрбір сәби ел тәуелсіздігімен бірге түлеп, бірге қалыптасты. Солардың бірі — бүгінде Отан алдындағы антына адал, қызметіне табанды, азаматтық болмысы айқын офицер капитан Нұрсұлтан Амиров.
Нұрсұлтан Мұхтарұлы 1991 жылы Түркістан облысы, Төле би ауданының топырағында дүниеге келген. Бала күнінен еңбекқорлықты, әдептілік пен әділдікті ту еткен ол тәуелсіз елдің тұңғыш онжылдығында өсіп-жетіліп, Отан қорғауды армандап ер жетті. Оның жастық шағы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарымен қатар өріліп, елдің әрбір жетістігі оның жеке қалыптасуына да өз ықпалын тигізді.
Орта білімін туған өлкесінде алып, кейін әскери ортаға бет бұрған Нұрсұлтан 2012–2016 жылдары Ұлттық ұлан әскери институтын тәмәмдап, «лейтенат» шенін алып шықты.
Офицерлік жолының алғашқы жылдары да ел астанасымен тікелей байланысты. 2016–2020 жылдары Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде взвод командирі мен рота командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Қай жерде жүрсе де, оның кәсібилігі мен жауаптылығы ұжымға үлгі бола білді.

–Мен тәуелсіздікпен бір жылы туғаныма әрдайым қуанып, мақтанамын. Тәуелсіздік – біздің ең үлкен байлығымыз. Оның арқасында еліміз өз жолын таңдап, еркін дамып келеді. Бала күнімнен Қазақстанның қалай өзгеріп, қалай көркейіп жатқанын көрдім. Жаңадан салынған қалалар, ашылған мүмкіндіктер – бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Сол себепті мен де Отанға қызмет еткім келді. Елдің тыныштығын қорғау – тәуелсіздікті қорғау деп білемін. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы болғаныма және оның дамуына өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын, – деді Нұрсұлтан Амиров
Бүгінде Нұрсұлтан Мұхтарұлы – отбасының тірегі, екі баланың әкесі, қызметтің ауыр жүгін адал арқалап жүрген әскери тұлға. Қазіргі кезде ол Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5451 әскери бөлімінде батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Бұл лауазым — жауапкершілігі зор, адам мінезін, оның психологиясы мен құқықтық мәдениетін жіті түсінуді талап ететін сала. Нұрсұлтан үшін бұл күнделікті қызмет қана емес, әскери ортадағы рухани тәлімгерлік міндет.
Капитан Н.Амирев болмысын айқындаған ерекше оқиғалардың бірі — 2017 жылы ЭКСПО көрмесі қарсаңында болған жағдай. Патрульдік-посттық қызмет кезінде ол 5 миллион теңге көлемінде жоғалған қаражатты тауып алып, оны еш ойланбастан иесіне қайтарды. Бұл әрекет – қарапайым адами қасиет қана емес, әскери антына, офицерлік абыройына адалдықтың жарқын көрінісі. Осы оқиға оның жауапкершілігін, адалдығын және өз ісіне деген берілгендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Капитан Амирев — тәуелсіз елмен құрдас, тәуелсіздікпен бірге қалыптасқан жаңа буын офицерлерінің бейнесі. Оның өмір жолы жас буынға өнеге, офицерлік жолды таңдағандарға үлгі болары анық.
Лейтенант Әлишер Асқарбек