Ән мен антты қатар ұстаған ару

858
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскери әнші – ел рухының шырақшысы. Оның дауысы сап түзеген сарбазға жігер, ал қарапайым халыққа сенім сыйлайды. Әскери әнші сахнаға шыққанда тек өнер көрсетпейді, ол – Отанға деген махаббатты, тәртіп пен табандылықты әуен арқылы жүректерге сіңіреді. Осындай қос жауапкершілікті қатар арқалаған жандардың бірі – Балқұдықта дүниеге келген әскери әнші, өнер мен қызметті егіз ұстаған ару.

1982 жылдың 8 қаңтары. Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Балқұдық ауылында бір әулеттің шаңырағына шаттық орнады. Бұл шаңырақ кездейсоқ өнерлі болмады – ол тектен дарыған таланттың бесігі еді. Жеті қыздың кенжесі болып өскен ол бала күнінен әуенге сусындап өсті. Әпкелерінің бірі – биші, бірі – қобызшы, бірі – әнші. Үй ішінде домбыраның үні ешқашан тынған емес.

Әкесі – Жүсіп Жабелов елге сыйлы, білімді, өз ұстанымы бар азамат еді. Домбыраны қолына алса, күмбірлеген күймен ауылдың еңсесін көтеретін. Анасы – Зүлфат Қабдрахманова сахнаға шықпағанымен, дәстүрлі әннің қасиетін жүрегіне сақтаған жан. Сынық салумен, ем-дом жасаумен де жұртқа шарапат тигізген мейірімді ана болатын. Анасының нағашысы – күйші, әкесі тарапы – тұтас бір өнер әулеті еді. Алматы консерваториясын тәмамдап, дирижёр болған туған ағасы Орал қаласында тұңғыш домбырашылар оркестріне атақ алып берген тұлға еді. Өкінішке қарай, ол өмірден ерте кетті.

Осы ортаның өзі-ақ болашақ әскери әншінің тағдырына бағыт сілтегендей еді. Алдымен би үйірмесіне қатысып, сахнаның сиқырын сезінді. Алайда әкесінің бір ауыз сөзі оның болашағын мүлде басқа арнаға бұрды:

— «Бидің ғұмыры қысқа, домбыра – мәңгі», – деді ол.

Содан бастап қара домбыраны жанына серік етті. Әкесінің арманы – қызын Дина Нұрпейісова сынды ғұмыр бойы сахнадан түспейтін өнер иесі ету еді. Бұл арман ақырындап шындыққа айналды.

Колледж қабырғасынан бастап, консерватория маңында жүріп республикалық, халықаралық байқауларға қатысты. Әр сахна – тәжірибе, әр жеңіс – жігер болды. Студент кезіндегі ұстаздарының ықыласы мен сенімі оның жолын айқындай түсті. Кейін дәстүрлі домбыра мен эстрадалық бағытты ұштастырып, тың стильге бет бұрды. Бұл жолда Жасаралы Еңсепов пен Асылбек Еңсеповтің өнері мен ықпалы шешуші рөл атқарды.

2012 жыл оның өміріндегі ерекше кезеңнің бастауы болды. Әскери қызметке шақырылып, Ұлттық ұлан ансамбліне ұсыныспен қабылданды. Сол кезден бастап ол сахнада да, сапта да қатар жүрді. Кішкентай кезінде көршілерінің «солдат қыз» деп еркелеткені тағдырдың бір ишарасы секілді еді – бүгінде ол шын мәнінде әскери адамға айналды. Қазіргі таңда ол – Ұлттық ұланның кіші сержанты, аға маман, концертмейстер.

Ұлттық ұлан оған темірдей тәртіпті, өмірге деген нақты көзқарасты үйретті. Әскери орта оның болмысындағы табандылықты шыңдап, өнеріне де жауапкершілік қосты. Ол үшін ән – жай ғана өнер емес, қызметтің бір бөлшегі, рух көтерудің құралы.

Өмірлік тірегі – отбасы. Жолдасы да – офицер. Екеуі бір мақсатқа, бір ұстанымға қызмет етеді. Үш перзенті – Айару, Айсұлтан, Айша – өмірінің ең үлкен бақыты. Ол өзін тек әскери әнші ғана емес, ең алдымен, анамын деп біледі.

Бүгінде оның репертуары – 50-ден астам топтық, 100-ден аса жеке орындаған шығармалардан тұрады. Әр әнінде туған жердің топырағы, әке аманаты, ананың әлдиі, әскери саптың рухы бар. Ол сахнаға шыққанда көрермен тек дауыс естімейді – олар ішкі қуатты, рухани беріктікті сезінеді.

Ол ата-анасынан алған тәрбиесін, әпкелерінен көрген өнер жолындағы табандылықты, ұстаздарының сенімін өмірлік бағдар етті. Өз шаңырағын, ұрпағын, кәсібін мақтан тұтады.

Оның өмірлік ұстанымы қарапайым: қолыңнан келгенше адал өмір сүру, ұрпағыңа үлгі болу, Отаныңа өнермен қызмет ету.

Бүгінде ол – сахна мен саптың арасын жалғаған алтын көпір. Ән арқылы елдің рухын тірілтіп, әскери антына адалдық танытып келе жатқан ерекше болмысты тұлға.

Оның дауысы – әуен ғана емес, елге деген сүйіспеншіліктің үні.

Майор Мөлдір Нәлібаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -