«Бәйтерек» холдингі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қаражатты мерзімінен бұрын қайтарды

1188
Фотосурет: Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына 23,5 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарды.

Міндеттемелердің жоспарланған мерзімнен бұрын орындалуы Холдингтің теңгерімді қаржылық саясатының нәтижесі мен мемлекеттік қаражатты басқарудағы жауапкершілігін көрсетеді. Қаражатты қайтару қолданыстағы қаржыландыру моделінің тиімділігін және «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының қарыз портфелінің тұрақтылығын айқындайды.

Холдинг 2014 жылы Ұлттық қордан 20 жыл мерзімге тартқан қаражатты Қазақстан Республикасының 2015–2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыруға бағыттады. Қаржыландыру аралас модель бойынша жүзеге асырылды: Ұлттық қордан бөлінген әр 1 теңгеге басқа көздерден 2 теңге тартылды.

Қаржыландыру Холдингтің еншілес ұйымы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылды. Банк жобаларға сараптамалық бағалау жүргізіп, мәмілелерді құрылымдауды қамтамасыз етті. Өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау логистикасы және электроэнергетика салаларында барлығы 13 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде рельс-балка зауытының құрылысы, теміржол дөңгелектерін өндіру кешенін құру, минералды тыңайтқыштар зауытын жаңғырту, инфрақұрылымдық нысандарды іске асыру, елді мекендерді газдандыру және басқа да маңызды бастамалар бар.

Холдингтің еншілес ұйымдарының деректері бойынша, 2016–2024 жылдар аралығында жалпы өнім шығару көлемі 16,2 млрд теңгеден 2024 жылы 390,9 млрд теңгеге дейін өсті, ал экспорт 0,17 млрд теңгеден 99,5 млрд теңгеге дейін артты.

Жобаларды іске асыру шеңберінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

«Бәйтерек» холдингі негізгі даму институты ретіндегі рөлін атқаруды жалғастырып, мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін арттыру, жаңа инвестициялар тарту және экономиканы құрылымдық жаңғыртуға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -