Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа өлшемшарты қолданысқа енгізілетінін хабарлайды.
Не өзгеруде?
Бұрын тек аударымдар саны ескерілетін — 3 ай қатарынан 100 немесе одан да көп әртүрлі тұлғадан түскен жағдайда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Енді қосымша талап енгізіледі:
дәл сол 3 айда түскен қаражаттың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуы керек.
Қашан кәсіпкерлік қызмет белгісі туындайды?
Егер сіздің жеке (бизнеске арналмаған) шотыңызға 3 ай қатарынан әр айда 100 әртүрлі адамнан ақша түссе, және жалпы сома 12 ЕТЖ-дан асса, онда мұндай операциялар кәсіпкерлік табыс белгілері бар ретінде есептеледі.
Толығырақ
2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енетін Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 55-бабының 2-тармағы 17) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші, жетінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші абзацтарына, 18), 21) және 24) тармақшаларын жүзеге асыру мақсатында «Банк ұйымдарының мемлекеттік кірістер органына жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осындай шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы, активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсыну міндеті туындаған жеке тұлғаға берілген кредиттер туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын, сондай-ақ Тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша мәліметтерді ұсыну қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар жеке тұлғаның банктік шотына түскен ақшаның жиынтық сомасы бойынша мәліметтерді ұсыну қағидалары мен тізбесін және осындай операцияларға жатқызу өлшемшарттарын бекіту туралы» (бұдан әрі – Бұйрық) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы № 698 бұйрығы қабылданды.
Бұйрықтағы жаңашылдық өзгеріс – жеке тұлғаның банктік шоттарында жүргізілетін операцияларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар операцияларға жатқызу үшін шекті мәннің енгізілуі болып табылады.
Бұған дейінгі өлшемшарт түсімдердің санына – күнтізбелік үш ай қатарынан 100 және одан көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуіне – негізделсе, жаңа редакция оған қосымша келесі талапты енгізеді: дәл сол кезеңдегі барлық түсімдердің жиынтық сомасы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып түсуі қажет.
Осылайша, өлшемшарттарқа 1 (бір) жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік әрбір 3 (үш) ай ішінде 100 (жүз) және одан да көп әр түрлі тұлғалардан жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына (шоттарына) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған жиынтық кезеңдегі жиынтық сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолданыстағы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын ақша алуы жатады.