ҚР-дағы инженерлік желілердің тозу деңгейі 6 пайыздық тармаққа төмендеді: ары қарай қалай болады?

1166
Фотосурет: AI-generated

Қазақстандағы инженерлік желілердің тозу деңгейі 6 пайыздық тармақтан астам төмендеді — бұл тек бастамасы ғана

«ЭКСЖ» ұлттық жобасының не екенін анықтаймыз

Қазақстандағы коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның тозуы және жеткіліксіз болуы жаңа проблемалар емес, олардың шешімі табылып жатқанымен, бүгінгі күнге дейін өзекті болып қалады.

Атап айтқанда, елімізде 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» («ЭКСЖ») ұлттық жобасы қабылданды. Ол жылумен, электрмен және сумен жабдықтау желілері мен объектілерін, сондай-ақ су бұру жүйелерін кешенді жаңартуды көздейді. Жобаны іске асыру инфрақұрылымның апаттық жағдайын және тозу деңгейін төмендетуге, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына ықпал етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік тұрақтылыққа, экономиканың өнеркәсіптік, инновациялық және цифрлық дамуына, сол сияқты елдің инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететін осындай оң өзгерістердің қажеттілігі туралы айтып, тұрақты дамудың негізгі факторы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту екенін ерекше атап өткен болатын.

Мына маңызды жайтты айта кетейік: іркілістердің болмауы және қуаттың жеткілікті болуы халықтың әл-ауқаты үшін нақты қажеттілігінен бөлек, экономиканың өсу негізін қалыптастырады. Өз кезегінде, қуаттың жетіспеушілігі елдің инвестициялық әлеуетін құртады.

«ЭКСЖ» ұлттық жобасы инфрақұрылымның жай-күйін егжей-тегжейіне дейін талдайды.

Қазақстандағы жылумен жабдықтау инфрақұрылымда 52% тозу деңгейімен жұмыс істеп тұр, қалалардың небәрі 60% қамтылған және желілердің ұзындығы шамамен 13 мың шақырым (оның ішінде 11 мың шақырым — коммуналдық, 2 мың шақырым — жекеменшік желілер). Мұндай база тұтынудың орнықты өсуін қамтамасыз етпейді және жаңа өндірістердің қосылуын шектейді. Ұлттық жоба 1622 шақырым тозған желілерді ауыстыруды және өткізу қабілетін арттыру және ысырапты азайту үшін аса маңызды жаңа желілерді салуды көздейді. Мұндай қуатсыз экономика индустриялық объектілерді орналастыруда шектеулерге және шығындардың өсуіне ұшырайды.

Электрмен жабдықтауда қуаттың жүйелі тапшылығы 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша электр станцияларындағы жабдықтардың 56,8% тозу деңгейімен шиеленісе түседі, бұл ретте қуаттың үштен бірінен астамы 70%–90%-ға тозған. 14 станцияда 80%-дан астам тозу деңгейі белгіленсе, тағы 21 объектінің тозу деңгейі 60%–80% шамасында. Ұзындығы 470 мың шақырымды құрайтын желілер және құрамындағы 6 компанияның тозу деңгейі 85%–97%-ды, ал тағы 6 компанияның тозу деңгейі 65%–85%-ды құрайтын АЭК ендігі жүктемені көтере алмайды: 2023 жылы 28 497 технологиялық ақау, оның ішінде 23 апат тіркелді. Жаңғырту жаңа өндірістерді, электромобильдердің көбеюін және «ақылды» қала құрылысының қажеттіліктерін ескереді.

Сумен жабдықтауда желілердің жалпы ұзындығы 100 мың шақырымды құраса, олардың тозуының орташа деңгейі 40%-ды құрайды, бірқатар аймақтарда — 50%-дан асады. Қалаларда 98,9% және ауылдарда 96,6% сумен қамтамасыз етілсе де, инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр: 89 қаланың тек 65-і және 6256 ауылдың небәрі 5130-ы толықтай орталықтан сумен қамтамасыз етілген. 2023 жылы секторда 1459 (оның ішінде желілерде — 1049) технологиялық бұзушылық тіркелді. Сумен жабдықтаудағы қуаттарды жаңарту индустриялық аймақтарды кеңейту, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және қалалардың өсуін қамтамасыз ету үшін қажет.

Су бұрудың да әлсіз тұстары бар: ұзындығы 17,6 мың шақырым, кәріз желілерінің орташа тозу деңгейі 56%-ға жетті, тазарту объектілері кемі 50%-ға, ал кейбір бөлігі 70%–80%-ға тозған. Жүйелер ағынды сулардың көлеміне төтеп бере алмай жатыр: соңғы есептік жылы 296 (желілерде — 255) технологиялық бұзушылық тіркелді. Жүйелерді жаңарту және желілерді кеңейтудің өзі ғана құрылыс ауқымын ұлғайтуға, өнеркәсіпті дамытуға және жаңа тұрғын аудандар салуға мүмкіндік береді.

Сонымен, Қазақстан үшін жылу, электр, су және кәріз жүйелерін жаңғырту және кеңейту негізгі әлеуметтік жоба ғана емес, сонымен бірге болашақ экономикалық өсудің негізі болып табылады. Қуаттардың тапшылығы өсуге шек қояды, бизнес үшін жоғары тәуекелдерді тудырып, елдің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеледі. Ал инфрақұрылымдық қуаттың жеткілікті болуы инвестициялардың, өндірістің, құрылыс пен индустрияландырудың іргетасын қалайды.

Жалпы алғанда, сауатты тарифтік саясат пен қабылданған шаралар қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелерге жеткізді. Мәселен, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің мәліметтері бойынша 2023-2024 жылдары ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту аясында 12,3 мың шақырымнан астам инженерлік желіні жөндеуге 605 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл шаралар қазірдің өзінде желілердің тозу деңгейін орташа есеппен 6,2 пайыздық тармаққа төмендетуге мүмкіндік берді. Аймақтар мен желілердің түрлері туралы толығырақ инфографика мен кестеде келтірілген.

Іске асырыла бастаған «ЭКСЖ» ұлттық жобасына келетін болсақ, ол экономикалық және әлеуметтік тиімділікті қамтамасыз ете отырып, өмірдің барлық саласына жан-жақты әсерін тигізіп жатыр:
• желілерді жаңарту және ысырапты азайту есебінен ұзақмерзімді перспективада энергиямен жабдықтауға және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығынды азайту;
• жылумен жабдықтаудың, электрмен жабдықтаудың, сумен жабдықтаудың және су бұрудың сенімділігін арттыру;
• үйлердегі қолайлы жағдайлар мен санитарлық тазалық деңгейін жақсартудың арқасынжа өмір сүру сапасын жақсарту;
• қосымша жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретін бизнестің тұрақты жұмысы;
• коммуналдық қызметтерді көрсетудегі апаттар мен іркіліс қаупін азайту;
• таза суға қол жеткізу және заманауи технологияларды енгізу арқылы халықтың денсаулығы мен экологиялық жағдайын жақсарту.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -