Өскеменде «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтудағы азаматтар мен мемлекеттің рөлі туралы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өскемен қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Құқықтық мемлекет және белсенді азамат: Қазақстан Республикасында «Заң және тәртіп» идеологиясын нығайтудағы азаматтардың, Конституциялық Сот пен құқық қорғау органдарының рөлі» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараны Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Университетінің Жоғары бизнес және құқық мектебі ұйымдастырды, оған облыстың құқық қорғау және сот органдарының, азаматтық қоғамның өкілдері, құқықтанушы ғалымдар, сондай-ақ заң факультетінің магистранттары мен студенттері қатысты.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Еркін Оңғарбаев азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және конституциялық бақылау органына жүгіну тәртібін түсіндіру Конституциялық Сот қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол конституциялық бақылау органы мен заңгерлер қауымдастығы және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын тәжірибеде тиімді қолдануға ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері заңнаманы жетілдірудің және құқықтық мемлекетті нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады.

Талқылау барысында қатысушылар Қазақстанда конституциялық сот төрелігін іске асыру тәжірибесін, оның қоғамда құқықтық мемлекет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыруға әсерін талқылады.
