Қазақстан BRICS Skills Competition–2025 чемпионатында цифрлық құзыреттердің жоғары деңгейін көрсетті

1133
Фотосурет: @oqu_agartu

Қазақстандық студенттер BRICS Skills Competition–2025 халықаралық чемпионатында қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қытай Халық Республикасының Шаоян қаласында «2025 China Grand Final» аясында өткен «BRICS Skills Competition» халықаралық чемпионатында қазақстандық команда жеңіс тұғырынан көрінді.

Чемпионатқа Қазақстан, Қытай, Үндістан, Ресей, Бангладеш, Лаос, Гана, Нигерия, Руанда және Оңтүстік Африка елдерінен 82 команда қатысты. 
Айта кету керек, бұл чемпионат болашақ мамандардың заманауи технологиялар мен цифрлық құзыреттерін халықаралық деңгейде сынайтын маңызды алаң саналады.

Қазақстандық команда жоғары техникалық дайындық пен үйлесімді командалық жұмыстың нәтижесінде үздіктер қатарына енді. BRICS-FS-16 / Internet of Things («Интернет заттар») бағыты бойынша өткен халықаралық финалда Қазақстан намысын қорғаған команда қола медаль иеленді.

«Бұл жетістік – отандық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының халықаралық стандарттарға сай маман даярлап отырғанын айқын дәлелі» - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова.

Жүлдегерлер Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенттері Сүндет Баянов,  Ануар Рамазан,  команда жетекшісі –  Әділбай Жақсылық. 

Халықаралық финал барысында қатысушылар «Интернет заттар» бағыты бойынша күрделі практикалық тапсырмаларды орындап, смарт-жүйелерді жобалау, бағдарламалау және интеграциялау бойынша өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -