Қазақстандықтар БАӘ-дегі фиджитал турнирде жүздеген мың доллар үшін бәсекеге түседі

1111
Фотосурет: Gov

Қазақстан нақты және цифрлық әлемді біріктіретін спорттың жаңа форматында өзін айқын танытып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

The Games of the Future Abu Dhabi 2025 powered by ADNOC турниріндегі жеребе нәтижесінде UEL Team, PBC Astana және XGoat командаларының топтық кезеңдегі қарсыластары анықталды.

Спорт клубтары қомақты жүлде қоры үшін бақ сынайды. Қор көлемі фиджитал-футболда - 400 мың доллар, фиджитал-баскетболда — 500 мың доллар, ал фиджитал-шутер CS2 дисциплинасында — 150 мың доллар. Бұл жарыстарда цифрлық және физикалық кезеңдер біртұтас бәсекеге біріктіріледі. Мұндай формат бәсекелестікті күшейтіп, қазақстандық командалардың қатысуын ерекше маңызды етеді. Өйткені Ойындарға әлемнің 100-ден астам елінен 2000-нан аса спортшы қатыспақ.

Фиджитал-футболдан UEL Team командасы A тобына түсті. Қарағандылық ұжымның қарсыластары - Greni Smith, Mexq және Red Moon. 2025 жылдың жазында UEL Team Астанада өткен Road to Abu Dhabi іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан атынан халықаралық аренада өнер көрсету құқығына ие болды.

PBC Astana баскетбол клубы фиджитал-баскетболда B тобында өнер көрсетеді. Команда плей-оффқа шығу үшін әлемнің мықты қарсыластары - Bad Boys, Moskovsky және Uzbig Team командаларымен бақ сынайды. PBC Astana да 2025 жылы Астанада өткен ұлттық іріктеуден сүрінбей өтіп, классикалық баскетбол цифрлық кезеңмен толықтырылатын фиджитал форматты халықаралық деңгейде таныстыруға дайын.

Өткен жылғы The Games of the Future Abu Dhabi 2024 турнирінің жеңімпазы — XGoat командасы фиджитал-шутер CS2 дисциплинасында Liga Pro Team, EndFastPls, Intersellars Apollo, E7, Minsk House, Mexico Quetzales және Donstu Esports командаларымен кездеседі.

The Games of the Future Abu Dhabi 2025 powered by ADNOC турнирі 18–23 желтоқсан аралығында Абу-Дабиде (БАӘ) өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл - UEL Team, PBC Astana және XGoat командаларын қолдап, әлемдік спорттың жаңа тренді - фиджитал-сайыстарды тамашалауға бірегей мүмкіндік.

Фиджитал - классикалық спорт пен киберспортты біріктіретін инновациялық формат. Матчтың бір бөлігі спорт алаңында өтсе, жалғасы виртуалды ортада жалғасады. Қатысушылардан жоғары физикалық дайындықпен қатар, ойындық ойлау, жылдам реакция және цифрлық кеңістікте командалық жұмыс дағдылары талап етіледі. Бұл фиджиталды заманауи спорттың ең серпінді әрі болашағы зор бағыттарының біріне айналдырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -