2025 жылғы қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
11 айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 6,4%-ды құрады.
Бұл ретте нақты сектордағы өсім 8,3%-ға жетіп, қызмет көрсету саласының өсімінен 5,3 пайыздық тармаққа жоғары болды. Негізгі драйверлер ретінде көлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі аталып отыр. Сауда көлемі 8,8%-ға, ауыл шаруашылығы 6,1%-ға, өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті.
Инвестициялар сапалы өсімнің негізін қалыптастырады
Инвестициялар экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі болып қала беруде. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,3%-ға артып, 18,5 трлн теңгені құрады. Жеке инвестициялар 9,8%-ға өсті.
Инвестициялардың ең жоғары өсімі болашақтағы сапалы өсімнің негізін қалыптастыратын салаларда байқалды. Қаржы қызметінде инвестициялар 82,8%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау саласында 57,9%-ға, білім беруде 31,6%-ға, ақпарат және байланыс саласында 24,5%-ға, ауыл шаруашылығында 24,1%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 20,7%-ға, көлік саласында 13,3%-ға артты.
Инвестициялардың өңірлік динамикасы
Инвестициялық белсенділіктің ең жоғары өсімі Ақмола, Павлодар, Жамбыл, Алматы және Ақтөбе облыстарында тіркелді. Сонымен қатар, Атырау және Қарағанды облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады.
Сыртқы сауда оң сальдоны сақтап отыр
Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметінде оң сауда балансы сақталуда. 2025 жылғы қаңтар–қазан айларында сыртқы сауда тауар айналымы 116,3 млрд АҚШ долларын құрады. Тауар экспорты 64,6 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд доллар болды. Импорт көлемі 51,7 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы 12,9 млрд доллардан асты.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,9%-ға артты. Өсім елдің 17 өңірінде тіркелді. Ең жоғары өсім Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола және Маңғыстау облыстарында өндіріс көлемінің төмендеуі тіркелді.
Саланың өсімі машина жасау өндірісінің 11,6%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың 15,2%-ға, электр жабдықтарын өндірудің 16,7%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Азық-түлік өнімдерін өндіру 8,7%-ға, сусындар – 9,2%-ға, химия өнеркәсібі – 8,1%-ға, мұнай өңдеу – 6,5%-ға, металл бұйымдары – 12,8%-ға, құрылыс материалдары – 7,1%-ға артты.
«Бәйтерек» холдингі арқылы басым салаларды қолдау
Инвестициялар мен өндірістің бірқатар салада өсуі «Бәйтерек» холдингі тарапынан көрсетілген қаржылық қолдаудың арқасында қамтамасыз етілді. 2025 жылдың 11 айында холдинг желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты.
Тау-кен өнеркәсібі жоғары қарқынды сақтауда
Тау-кен өнеркәсібі жоғары өсім қарқынын сақтап отыр – 9,7%. Бұл мұнай өндірудің 14,1%-ға, табиғи газдың 16,7%-ға және көмірдің 9,7%-ға артуымен байланысты. Сонымен бірге, металл кендерін өндіру 0,6%-ға қысқарды.
Құрылыс: өсім бар, қарқын баяулады
Құрылыс саласында өсім қарқыны баяулағанымен, оң динамика сақталуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,7%-ға артты. Өсім 19 өңірде тіркелді, ең жоғары көрсеткіштер Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында байқалды. Атырау облысында құрылыс көлемінің төмендеуі тіркелді.
Есепті кезеңде 16,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу және Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Қызылорда облыстарында тіркелді.
Ауыл шаруашылығы және рекордтық өнім
Ауыл шаруашылығы маусымдық өсім кезеңіне өтті. Жалпы өнім көлемі 6,1%-ға артып, қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда өсім 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеді. Өсім өсімдік шаруашылығы көлемінің 7,6%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді, бұл қолайлы ауа райы жағдайлары мен дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты болды.
Екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынып, шамамен 27 млн тоннаны құрады. Сондай-ақ бұршақ дақылдары бойынша 1 млн тонна және майлы дақылдар бойынша 4,7 млн тонна көлемінде рекордтық көрсеткіштер тіркелді. Мақта жинау бойынша да жоғары нәтижелер күтілуде.
Сала бойынша ең жоғары өсім Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды. Негізгі жеті көрсеткіштің барлығы бойынша өсім елдің 12 өңірінде тіркелді. Атырау облысында үш көрсеткіш бойынша төмендеу байқалады.