Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік – ел ұраны» атты салтанатты көрме өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасы мен Жауынгерлік даңқ музейі бірлесіп ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – патриоттық сананы, ұлттық бірлікті және мемлекеттік құндылықтарға деген құрметті нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпаққа Тәуелсіздік күнінің тарихи маңызын түсіндіру болды.
Көрме аясында Жауынгерлік даңқ музейі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіне, жауынгерлік ерлікке және Отан қорғаушылардың қаһармандығына арналған біркүндік көшпелі экспозиция ұсынды. Экспозиция келушілердің қызығушылығын тудырды.

Іс-шараның ерекше қонағы – генерал-майор Иван Васильевич Панфиловтың немересі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алуа Байқадамовa болды. Оның қатысуы ұрпақтар сабақтастығын және елдің еркіндігі мен тәуелсіздігін қорғауға үлес қосқан батырлар туралы тарихи жадыны сақтаудың маңызын айқындай түсті.
Мерекелік бағдарламаны Құрлық әскерлері әскери институтының оркестрі мен Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қызметшілерінің қарумен жасаған саптық дефилесі толықтырды. Олар жоғары деңгейдегі саптық дайындық пен темірдей тәртіпті паш етті.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің ғылыми хатшысы Ерсін Жайнақов Тәуелсіздік күні – қазақ халқының ғасырлар бойғы еркіндік пен мемлекеттілікке ұмтылысының жемісі екенін және оның жастардың тарихи санасын қалыптастыруда айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Ал Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов ел тәуелсіздігі тек еркіндік қана емес, сонымен қатар болашақ үшін үлкен жауапкершілік екенін, мұндай іс-шаралар отансүйгіштік пен ел тарихына құрмет сезімін тәрбиелеуге ықпал ететінін айтты.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, халықаралық аренада егемен ел ретінде танылды. Бұл күн елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.