Қарағандыдан Ұлттық ұлан академиясына жол тартқан Жайықбаев Искандер Асқарұлының арманы орындалды

1155
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Бүгінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған әскери мамандықтарға қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әсіресе, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының беделді оқу ордасы – Ұлттық ұлан академиясы жастардың арманына айналған. Әр өңірден келген жас талапкерлер осы академияны таңдап, нағыз офицер болу жолына түсуде. Солардың бірі – Қарағанды қаласынан шыққан Жайықбаев Искандер Аскарұлы.

Искандердің әскери өмірге қызығушылығы бала кезінен басталды. Ол спортқа ерекше қызығып, еркін күреспен айналыса бастады. Спорт оған төзімділік, табандылық пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңірді. Уақыт өте келе Искандер өз өмірін елге қызмет етуге арнауға шешім қабылдады. Ел қорғаушы болу, офицерлік өмірдің жауапкершілігін сезіну оны жігерлендірді.

Мектеп қабырғасынан бастап әскери өмірге деген қызығушылығы өсіп, арманы нақты мақсатқа айналды. 11-сыныпта оқып жүрген кезінде мектепке форма киген әскери қызметшілер келіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы туралы, курсанттардың күнделікті өмірі мен әскери қызметтің мәні жайында әсерлі әңгіме жүргізді. Сол кездесуде айтылған әрбір сөз Искандердің жүрегіне терең әсер қалдырды. Әскерилердің тік бейнесі, салмақты сөзі, академиядағы тәртіп пен білім беру жүйесі жас талапкерді ерекше қызықтырып, оның арманының оянуына себеп болды.

Мектепті бітірген соң Искандер жергілікті әскери бөлімге барып, академияға түсу тәртібімен толық танысып, жолдама алды. Осылайша ол арманына алғашқы қадам жасады.

Академияға келген соң Искандер үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтті: Медициналық тексеру – денсаулығын бағалау; психологиялық іріктеу –мінез-құлық ерекшеліктерін тексеру; Дене шынықтыру сынағы – физикалық төзімділік пен күш-жігерді бағалау.

Барлық сынақтардан сүрінбей өткен Искандер өз арманына алғашқы нақты қадамын жасады. Ол Ұлттық ұлан академиясына қабылданып, болашақ офицер болуға жолдама алды.

Қазіргі таңда Искандер академияда 4-курс курсант ретінде оқу мен әскери дайындықты қатар алып жүр. Осы төрт жыл ішінде ол өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Сонымен қатар, Искандер спортта да өз қабілетін дәлелдеп келеді. Ол академияның қоян-қолтық күрес және самбо командалары құрамында, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.

Бүгінде Ұлттық ұлан академиясы – елдің әр аймағынан келген жастардың мақтанышына айналған. Мұнда білім мен тәрбие, ерлік пен рух тоғысқан. Егер сен де ертеңгі офицер болғың келсе, еліңнің намысын қорғап, ел тыныштығына үлес қосқың келсе, Ұлттық ұлан академиясының есігі әрқашан ашық.

Бұл жол – жеңіл емес, бірақ нағыз ерлердің жолы. Ал сол жолда табандылық пен намыс барда, Искандер сияқты жастар ел сенімін ақтай бермек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -