Қазақстан Республикасының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының жалпы жиналысы өтіп, алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағыттар мен жүйелі даму тетіктері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.



Федерация басшылығы жаңа мамандармен толығып, Вице-президент лауазымына Атланта Олимпиадасының жеңімпазы Мельниченко Юрий Васильевич пен Лондон Олимпиадасының жүлдегері Таңатаров Ақжүрек Достықұлы тағайындалды. Сондай-ақ, бас хатшы қызметіне бұған дейін «Қазақ күресі» қауымдастығының бас директоры кірісті. Бұдан бөлек, ілгерідегі құрамда болған вице-президенттер Қатаев Нұржан Жолымбекұлы, Жабасов Дәурен Еркінұлы, Зайнидинов Сабыржан Мырзахметұлы өз жұмыстарын жалғастыра береді.


Сондай-ақ, отырыста еркін және әйелдер күресінен ұлттық құрамалардың бас жаттықтырушысы лауазымына үміткерлердің кандидатуралары қаралды. Үміткерлер өздерінің жеке бағдарламаларымен таныстырды. Еркін күрестен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне Аслан Байгуловтың, ал әйелдер күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметіне Әділет Ермаковтың кандидатуралары ұсынылып, талқыланды.



Кездесу барысында Федерацияның басты құндылығы - күрес спортын бірге көтеріп жүрген қауым екені атап өтілді. Федерация жұмысы жеке бастамаларға емес, біртұтас команда қағидатына сүйеніп жүргізілетіні айтылды. Мемлекет деңгейіндегі басымдықтарға сай саланы дамытудың негізгі бағыттары белгіленді. Осы ретте Федерация президенті шешім қабылдау мәдениетіне ерекше мән берілетінін атап өтті.

«Алдағы міндет - күрес спортын жүйелі, әділ және тұрақты дамыту. Әр өңірдегі жұмыс ортақ талаптарға сүйеніп, қабылданатын шешімдер ашық әрі түсінікті болуы шарт», - деді Еркін Оқасов.

Жиналыс қорытындысында Федерация президенті Еркін Оқасов кездесуде айтылған ұсыныстарды нақты іс-қимыл жоспарына айналдыруға ниетті екенін және саламен ашық форматтағы диалогты жалғастыратынын мәлімдеді.