Рухы мықты офицер: борыш пен адалдық үлгісі

1463
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Жетісу өңіріндегі 5514 әскери бөліміне қарасты 2 жедел мақсаттағы батальонда қызмет ететін майор Әлішер Есмағзамов биылғы «Үздік әдіскер – 2025» республикалық байқауында «Үздік әдіскер – штаб бастығы» номинациясы бойынша топ жарып, өңірдің абыройын асқақтатты. Бұл жеңіс – жас офицердің кәсіби деңгейінің, жүйелі еңбегінің және әскери қызметке деген шексіз адалдығының айқын дәлелі.

Республикалық байқау жыл сайын офицерлердің шеберлігін шыңдап, олардың командирлік даярлығын бағалауға бағытталған маңызды алаң саналады. Қатысушылар мемлекеттік-құқықтық дайындық, жалпы әскери жарғыларды білу, тактикалық әрекеттерді қолдану, дене және атыс дайындығы, саптық жаттығулар, жекпе-жек және алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты күрделі кезеңдерден өтті. Осының барлығында жоғары нәтиже көрсету – тәжірибенің, төзімділіктің, кәсіби көзқарастың жемісі. Мұндай жарыстан озық шығу кез келген офицер үшін үлкен мәртебе.

Майор Есмағзамов бұл байқаудан тек жүлде ғана емес, өмірлік маңызы бар тәжірибе жинап қайтқанын айтады.

– Қатысушылардың деңгейі өте жоғары болды. Бұл – өзіңді сынайтын, жаңа қырыңды ашатын мүмкіндік. Жүлдеге ие болғаныма қуаныштымын, бірақ одан да маңыздысы – жинаған білім мен тәжірибені күнделікті қызметте қолдану, – дейді ол. Бұл сөздер әскери қызметшінің өз ісіне деген жауапкершілігін, кәсіби дамуға деген ынтасын көрсетеді.

Әлішер Әлібекұлы 1996 жылы Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Баратай ауылында дүниеге келген. Әскери жолды таңдауы кездейсоқ шешім емес. Балалық шағынан бастап отбасындағы үлкен ағасының әскери тәртібі, мінезі, өмірге деген көзқарасы оған үлкен әсер еткен.

-Әскерге келуіме ағамның ықпалы ерекше болды. Оның өмір салты мен тәртібі маған үлгі болды. Бұл жолды таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін, – дейді офицер.

2017 жылы Әскери институтты тәмамдаған жас лейтенант Ұлттық ұлан қатарында офицерлік қызметін бастады. Бүгінде – тәжірибелі офицер, білікті штаб бастығы, отбасылы, екі баланың әкесі. Қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтап, жауапкершілікті қатар алып жүру – оның өмірлік ұстанымы.

-Балаларым әке жолын қуып, әскери қызметті таңдаса – бұл мен үшін үлкен абырой. Әскер – тәртіп пен шыдамдылықтың мектебі. Бірақ әр бала өз жолын өзі таңдайды. Маған керегі – олардың елге адал, пайдалы азамат болып өсуі, – дейді Әлішер балалары туралы.

5514 әскери бөлімі – Талдықорған және жалпы Жетісу өңіріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі құрылымдардың бірі. Батальон күнделікті патрульдік-бекеттік қызметте жүріп, құқықбұзушылықтың алдын алады, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әскери қызметшілер табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде халыққа алғаш болып көмекке келеді. Су тасқыны, өрт, дауыл сияқты төтенше шақта жоғалған адамдарды іздеп табады, зардап шеккендерді құтқарады, көмек көрсетеді.

Әскери бөлім тек қауіпсіздікпен шектелмей, қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Әсіресе, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, профилактикалық кездесулер өткізу, елдің болашағына бағытталған әлеуметтік жобаларға қатысу – бөлім қызметінің маңызды бөлігі. Бұл жұмыстардың барлығында штабтың үйлестіруі ерекше рөл атқарады.

Әлішер Есмағзамов кәсіби қалыптасу жолында тәлімгерлік қолдаудың маңызын аса жоғары бағалайды. Оның айтуынша, 5514 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Айдын Қайырбеков – талапшыл, бірақ әрдайым қолдау көрсететін нағыз командир.

-Әскери қызметтегі әр жетістік – жеке күштің ғана емес, жақсы ұстаздың еңбегі. Подполковник Айдын Қайырбековтен көп нәрсе үйрендім. Ол талап қоя отырып, қолыңнан жетелеп шығатын офицер, – дейді майор.

Майор Әлішер Есмағзамов – адалдықты, тәртіпті және жауапкершілікті басты орынға қоятын офицер. Оның жетістігі жеке еңбектің нәтижесі ғана емес, Ұлттық ұлан құрамындағы берік мектептің, офицерлер арасындағы ынтымақ пен тәртіптің көрінісі.

Жетісу өңірінің тыныштығын күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында күні-түні қызмет атқарып жүрген Әлішер секілді офицерлердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені олардың әр күні – елге қызмет, әр қадамы – халықтың амандығына бағытталған ізгі міндет.

Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -