Ұлттық Ұлан Академиясының мақтанышы

1364
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

2025 жылғы 12–14 желтоқсан күндері Астана қаласында ересектер арасында гір спортынан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті.

Ел көлеміндегі ең мықты спортшыларды жинаған бұл жарыс күш пен төзімділікті, ерік-жігер мен кәсіби дайындықты саралайтын маңызды дода болды.

Аталған республикалық жарыста Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының 3 курс курсанты Қаткенов Алмас Ерболатұлы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, академия абыройын асқақтатты.

Спортшы 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде серпе көтеру жаттығуы бойынша екі бірдей гір салмағында жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, ол 32 келі гірді 57 рет көтеріп, жарысты 3-орынмен аяқтаса, 24 келі гірді 115 рет көтеріп, қарсыластарынан оқ бойы озып, 1-орынды жеңіп алды. Бұл нәтиже курсанттың жүйелі дайындығы мен жоғары спорттық шеберлігін айқын көрсетті.

Жарыстан кейін Қаткенов Алмас өз әсерімен бөлісті:

«Бұл жеңіс – тек менің ғана емес, мені дайындаған бапкерлерімнің, командаластарымның және Ұлттық ұлан академиясының ортақ еңбегінің нәтижесі. Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүру оңай емес, алайда тәртіп пен табандылық әрдайым жеңіске жетелейді. Алдағы уақытта да академия намысын қорғап, халықаралық деңгейде ел абыройын асқақтатуды мақсат етемін», – деді ол.

Курсанттың бұл жетістігі – Ұлттық ұлан академиясында әскери-кәсіби даярлықпен қатар спортқа ерекше мән берілетінінің айқын дәлелі. Академия басшылығы мен жеке құрам курсанттың жеңісін жоғары бағалап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тіледі.

Ұлттық ұлан академиясы – тек әскери кадрлар дайындайтын білім ордасы ғана емес, сонымен қатар спортта да ел намысын қорғайтын мықты спортшыларды тәрбиелейтін жетекші оқу орны екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Лейтенант Талапкер М.Е.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -