Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, консультативтік-кеңесші орган – Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрылғанын хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл шешім Қазақстан Республикасының 2025–2027 жылдардағы макроэкономика саясатын барынша теңгерімді ету мен мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар Кешенін жүзеге асыру аясында қабылданды.
Кеңес қызметі бюджет тапшылығына қаржы құю кезінде мемлекеттік қарыз алу құнын төмендету үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тереңдігін, өтімділігі мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор мен корпоративтік эмитенттер нарығының бенчмарк көрсеткіштерін қалыптастыруға бағытталған шаралар әзірлеуге бағытталған.
Кеңестің негізгі міндеттері – макроэкономикалық ахуал мен қарыз тұрақтылығын ескере отырып, мемлекет қарызын басқару, мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту, сондай-ақ оларды ішкі және сыртқы нарықта орналастыру саясаты бойынша жан-жақты сараланған шешімдер қабылдау.
Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңестің құрылуы Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің фискалдық және ақша-кредит саясатын жемісті үйлестіруге, сондай-ақ ішкі бағалы қағаздар нарығын дамытуға басымдық беруге бейіл екенін көрсетеді.
Мемлекеттік бағалы қағаздардың тиімді әрі өтімді нарығын дамыту мемлекеттік қаржыны орнықтылығын нығайтудың, кірістілік бойынша нарық бағдарларын қалыптастырудың, сондай-ақ елдің қор нарығын одан әрі дамытудың алғышарты саналады.