Қытай жоғары оқу орнының ректоры Қазақстанның мемлекеттік наградасын алды

1221
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде Бейжің тіл және мәдениет университетінің ректоры Дуань Пэнды  II дәрежелі «Достық» ордені мемлекеттік наградасымен марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының атынан мемлекеттік награданы Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев табыстады.

Рәсім барысында Елші Дуань Пэнның қазақ-қытай гуманитарлық және білім беру ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ академиялық алмасуларды кеңейтуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Қытай тілін білетін мамандарды даярлаудың жетекші орталықтарының бірі ретінде Бейжің тіл және мәдениет университетінің Астанадағы филиалының рөлі ерекше атап өтілді.

Кездесудің аясында ғылым-білім беру саласындағы өзара іс-қимылдардың келешегі, соның ішінде оқытуда жасанды интеллект технологияларын дамыту, білікті лингвист-қытайтанушыларды даярлау, сондай-ақ бірлескен академиялық бағдарламаларды кеңейту сұрақтары талқыланды.

Өз кезегінде Дуань Пэн қолданбалы лингвистика және цифрлық оқыту саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері туралы айтып, қазақ білім беру және ғылыми мекемелерімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге қызығушылық білдірді. Марапаттау рәсімі Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру ынтымақтастығының жоғары деңгейінің кезекті дәлелі болды.

Бейжің тіл және мәдениет университеті 1962 жылы құрылып,  Қытайдағы шетелдік азаматтарға қытай тілін, мәдениетін және халықаралық коммуникацияны оқытуға мамандандырылған жетекші жоғары оқу орны ретінде белгілі.

2024 ж. 3 шілдеде Астана Халықаралық университетінде Бейжің тіл және мәдениет университетінің Астана қаласы филиалының салтанатты ашылуы өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -