Astana Hub алаңында Industrial AI Acceleration 2025 бағдарламасының қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл – Қазақстандағы өнеркәсіп пен орта бизнес ұйымдарының қызметіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізуді көздейтін салалық акселерация.

Бағдарлама еліміздің түкпір-түкпіріндегі цифрлық өнертапқыштар мен ірі өнеркәсіп өкілдерін бір алаңда тоғыстырды. Барлығы 90 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша 43 команда қабылданып, олардың 38-і келісімдерге қол қойып, нақты шешімдер іздеген өнеркәсіптермен жұмысқа кірісті.
Қорытынды Demo Day аясында 33 команда өз нәтижелерін көпшіліктің назарына ұсынды. Көрме аймағында 18 қатысушы жүйелерінің жұмысын көрсетсе, питч-сессия барысында тағы 15 команда дайын өнімдер мен іске асырылған кейстерін таныстырды. Бағдарлама AI және digital-шешімдердің дәстүрлі өнеркәсіп саласын тиімді өзгертіп жатқанын айшықтай түсті.

Сәтті енгізілген жобалардың бірі – SafeSight AI. Платформа өндірістік қауіпсіздікті бақылау үшін компьютерлік көру технологиясын қолданып, күрделі өндірістік ортада жоғары дәлдіктегі бақылауды қамтамасыз етеді.
«SafeSight AI өнеркәсіптің түрлі мәселелерін шешуге бағытталған. Жоба мықты бизнес-нәтиже береді. Мәселен, өндірістік жарақаттар мен оқыс оқиғалар (near-miss) 20–40 пайызға төмендеп, еңбекті қорғау саласындағы тексерулер мен тергеулерге кететін шығындар 30 пайызға дейін қысқарады. Сонымен қатар өнеркәсіптегі қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейі 25–50 пайызға артады. Платформа қолданыстағы бейнебақылау жүйесінің негізінде жұмыс істейді, сол себепті өндіріс процесін тоқтатпай-ақ енгізу мүмкіндігі бар», – деді SafeSight AI бас директоры Әнуар Сарсембинов.

Бағдарламаның тиімділігін жарқын нәтижелер айқындай түсті: кәсіпорындар тарапынан 56 айқын қызығушылық тіркелді. Қазіргі таңда 7 пилоттық жоба іске қосылды, оның бесеуі бойынша сынақты бастау туралы келісімдерге қол қойылса, тағы екі жоба бойынша құжаттарды рәсімдеу барысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 2026 жылдың I тоқсанында өндірістік алаңдарда тағы 10-нан астам пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Үш ай бойы қатысушылар кәсіпорындардың нақты сұраныстарымен жұмыс істеп, күрделі B2B сатылымдарын меңгерді, өндірістік алаңдарда шешімдерді менторлар мен салалық сарапшылардың қолдауымен сынақтан өткізіп, тексерді. Үздіктер жоба аясын кеңейту, инвестиция тарту және сараптамалық сүйемелдеу бойынша қолдау алады. Industrial AI Acceleration аясында 12-ден астам кәсіпорын AI-командаларға 140-тан аса нақты тапсырма жолдады. Сұраныстардың шамамен 75 пайызы корпоративтік функцияларды автоматтандыруға бағытталған: HR, қаржы, сатып алу, IT, стратегия, заңнамалық сүйемелдеу және коммуникациялар. Қалған 25 пайызы өндірістік шешімдерге тиесілі, оның ішінде мониторинг, техникалық қызмет көрсету және жөндеу, роботтандыру, сапаны бақылау және өндірістік қауіпсіздік бағыттары бар.
«Бағдарламаның мақсаты – тек акселерация өткізу емес, стартаптар мен өнеркәсіп арасында тұрақты әрі ұзақмерзімді ынтымақтастық жүйесін қалыптастыру. Бүгінде AI және IT-шешімдер таныстырылым деңгейінен нақты пилоттарға өтіп, кәсіпорындардың өндірістік процестерінде жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз», – деді Astana Hub Индустрия 4.0 офисінің директоры Анарбек Өтеғұлов.

Цифрлық шешімдерге тапсырыс берушілер қатарында: Қазақмыс Корпорациясы, Allur Auto Almaty, Eurasian Resources Group (ERG), Business & Technology Services ERG, Қазақстан тау-кен өнеркәсібінің теміркен алыбы, Қазақстан коммуналдық жүйелері, KAZ Minerals Management, Восток Сервис, Taỳ-Ken Samuryq, Тау-Кен Алтын, Силлено, ҚМГ Қашаған Б.В., «Кедентранссервис» АҚ, Казцинк, Solidcore Resources plc және Samruk-Kazyna Ondeu бар.