Аида Балаева Қазақстан музейлерінің цифрлық болашағы туралы айтты

1254
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде E-museum порталының презентациясы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жоба еліміздегі музейлердің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру мақсатында, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер аясында жүзеге асырылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева музей саласы елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи мұрасын сақтау үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде жаһандану мен цифрландыру үдерісі мәдениет саласына да жаңа талаптар жүктеп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы мәдени мұраны цифрландыруға ерекше көңіл бөлетіні де сөз етілді.

«Ұлттық мұрамызды сақтау, ғылыми айналымға енгізу және кең аудиторияға қолжетімді ету – мемлекетіміздің мәдени саясатының басым бағыттарының бірі. Музей саласын цифрландыру оның халықаралық деңгейде танылуына және насихатталуына ерекше әсер етері сөзсіз», – деді Аида Балаева

Қазіргі кезде Қазақстанда 280-ден астам республикалық, өңірлік музей және музей-қорықтар жұмыс істейді. Музей қорларында 4,5 миллионнан астам экспонат сақталған. Музейлерге жыл сайын 6 миллионнан астам адам келеді.

E-museum порталы еліміздегі музей қорларын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді. Жоба мәдени құндылықтарды ғылыми тұрғыда сипаттауды және халықаралық мәдени кеңістікте таныстыруды мақсат етеді. Сонымен қатар, бұл портал шетелдік музейлермен, ғылыми орталықтармен және мәдени ұйымдармен ақпараттық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты нәтижелер көрсетті. 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылды. 15 мыңнан астам музей экспонаты цифрлық форматқа көшірілді. 50 үшөлшемді модель жасалды.

2024 және 2025 жылдар қорытындысы бойынша жүйеге еліміздің мемлекеттік музейлері толық енді. Жүйеге Қазақстанның барлық 20 өңірінен 252 музей қосылды. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей қорының бірлігі енді. 750 үшөлшемді модель әзірленді. Көрерменге арналған музей экспозицияларынан тұратын 15 виртуалды тур бар.

Жоба өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып, қашықтыққа қарамастан мәдени мұраны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. E-museum жобасының дамуы Қазақстанның халықаралық мәдени имиджін нығайтуға сеп болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -