Қазақстанның ҰҚК ақпараттық қауіпсіздік саласында жаңа өкілеттіктерге ие болды

1100
Фотосурет: Akorda

2025 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжатқа сәйкес ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерін қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау функциялары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді. Үкімет пен ҰҚК-ге қажетті заңнамалық өзгерістерді қамтамасыз ету және қабылданған шешімдерді іс жүзінде іске асыру тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 21) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі бөлігінде ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) қажетті заңнамалық түзетулер әзірлеуді;

2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізсін.

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -