2026 жылдан бастап Қазақстанда зейнеткерлер қанша алады?

1210
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі

«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрін, базалық және ынтымақты зейнетақыларды ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттыру көзделген, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда.

Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды.

Мысалы, 2019 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің бюджеттен төленетін зейнетақысының мөлшері 2025 жылы 171 588 теңгені құрады, оның ішінде базалық зейнетақы төлемі – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге. 2026 жылғы 1 қаңтардағы арттыруды ескере отырып, осы зейнеткер үшін зейнетақының жалпы сомасы 192 816 теңгеге дейін ұлғаяды, оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңгені, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңгені құрайды. Аталған сомаларға БЖЗҚ төлемдері кірмейтінін атап өткен жөн.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің ұлғаюына бірнеше мысал:

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;
  • мөлшері бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға – 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

Төлемдердің мөлшері жеке дара болып табылады және соңғы 2 жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, еңбек ету қабілетінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және табысты алмастыруға байланысты болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -