Үкімет риелторлық қызмет саласында міндетті өздігінен реттеу (ӨРҰ) енгізу идеясын қолдады.
Бұл шешім Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғарин төрағалық еткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуде алты талдамалық нұсқа қаралды, оның ішінде лицензиялар енгізу мүмкіндігі де болды. Алайда ең тиімді модель ретінде ӨРҰ жүйесі белгіленді. Жұманғарин аталған тәсілді негізгі ұстаным ретінде бекітуді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тапсырды. Бұл – сала үшін маңызды қадам, себебі дәл осы реттеу моделін бұған дейін Pana Ұлттық риэлторлар палатасы ұсынған еді. Сондай-ақ саланы қадағалайтын уәкілетті органды анықтау туралы шешім қабылданды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бұл функцияларды өз мойнына алу ресми түрде тапсырылды. Бұл барлық стандарттар мен талаптар бір ведомство арқылы қалыптастырылатынын білдіреді. Реформа қажеттілігі бұрыннан байқалып келеді. Қазіргі жылжымайтын мүлік нарығында бірыңғай талапсыз жұмыс істейтіндер көп. Кез келген адам өзін риелтор деп атап, комиссия мөлшерін өз бетінше белгілеп, клиент алдында жауапкершілік көтермей жұмыс істей алады.
Соның салдарынан қос комиссия алу, даулы жағдайлар және кепілдігі жоқ, «ауызша» жасалатын келісімдер жиі кездеседі. Ұлттық риелторлар палатасы түсінікті стандарттарды енгізу қажеттілігін бұрыннан көтеріп келеді. Палатаның ұсыныстар қатарында – риелторлардың бірыңғай тізілімі, типтік келісімшарт, этикалық кодекс, тәртіптік жауапкершілік жүйесі, тұтынушыларды қорғауға арналған өтемақы қоры және кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру бар.
Сондай-ақ ұлттық мультилистингтік жүйені қоса алғанда, жаңа цифрлық құралдарды енгізу ұсынылады. Мамандардың бағалауынша, мұндай шаралар алаяқтық мәмілелер санын азайтуға, шағымдар көлемін төмендетуге және нарықтың ашықтығын арттыруға көмектеседі. Ведомствоаралық комиссияның қорытындылары үкіметтің «Риелторлық қызмет туралы» заң жобасына енгізіліп, Мәжіліске ұсынылады. Комиссияның шешімі – көптен күткен реформаны іс жүзінде бастайды.
Азаматтар үшін бұл мәмілелердің түсінікті әрі қауіпсіз болуы дегенді білдірсе, нарық үшін – бірыңғай ережесі мен мамандардың жауапкершілігі бар өркениетті жұмыс жүйесіне өтуді білдіреді.