«Астана Балет» 2025 жылы: премьералар, марапаттар және әлемдік мойындау

1298
Фотосурет: Gov

2025 жыл «Астана Балет» театры үшін жетістіктерге толы жемісті жыл болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Театр бес танымал премьера ұсынды, оның үшеуі – ұлттық хореографиялық миниатюра. Жалпы 50 мыңға жуық көрермен қатысқан 83 спектакль қойылды. Ұжым өңірлерді аралап, Павлодар, Алматы және Қостанайға гастрольдік сапарын сәтті өткізді.

Жылдың ең жарқын премьерасы Карл Орфтың «Carmina Burana» балет-кантатасы болды. Театр сахнасында алғаш рет хор, оркестр, солистер мен балет әртістері бір мезетте өнер көрсетті. Спектакль XIII театр маусымын салтанатты түрде жауып, жыл соңында кәсіби қауымдастық тарапынан «Жыл балеті» атанды.

Халықаралық жетістіктердің бірі – Оңтүстік Кореядағы Cheonan World Dance Festival 2025 Дүниежүзілік би фестивалінен күміс медаль алуы. Онда әртістер көрермен көзайымына айналған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасының хореографиялық миниатюраларын көрсетті. Ұжым әлем сахнасында ұлттық хореография мектебінің бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, елдің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытты.

Биыл театр репертуары екі актілі «Қос кілем» балетімен толықты. Мемлекеттік мерекелерге орай «Мәңгі ел» концерттік бағдарламасы аясында ұсынылған жаңа хореографиялық миниатюралар әзірленді.

Аталған жыл театр құрамы үшін де нәтижелі болды. Театр әртістері «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасына ие болды, ал бас балетмейстер мен жетекші солист «Benois de la Danse 2025» беделді халықаралық сыйлығының номинанттары атанды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -