Өзіне де, Қазақстанның барлық жанкүйерлеріне де Жаңа жылға тамаша сыйлықты Бибісара Асаубаева жасады: ол Катар астанасы Дохада 2025 жылғы блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
21 жастағы спортшы – шахматтың осы ең жылдам түрінен әлемнің үш дүркін чемпионы!

2025 жылғы рапид және блиц бойынша әлем чемпионаты (2025 FIDE World Rapid & Blitz Championships) Катар астанасы Дохада, Sports and Events Complex of Qatar University спорт кешенінде өтті.

28 желтоқсанда 15+10 рапид форматында жеңімпаздар анықталды: олар 35 жастағы Магнус Карлсен (бұл оның осы деңгейдегі 6-шы титулы!) және 27 жастағы Александра Горячкина (алғаш рет).
Ал бүгін әлем 2025 жылғы 3+2 блиц бойынша әлем чемпиондары кім атанғанын біліп отыр: ерлер арасында найзағайдай жылдам шахматтан өзіне 9-шы титулды тағы да сол Карлсен жеңіп алды, ал әйелдер арасында 21 жастағы Бибісара Асаубаева жеңімпаз атанды!
Сонымен қатар есеп бойынша 3-ші алтын медальмен (бұған дейін ол 2021 және 2022 жылдары жеңіске жеткен) Тараздан шыққан спортшы әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турниріне жолдама алды. Бұл турнир 2026 жылғы 28 наурыз бен 16 сәуір аралығында Кипрде өтеді. Еске сала кетейін, аталған турнирдің жеңімпазы классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын 2018 жылғы мамырдан бері ұстап келе жатқан қытайлық Цзюй Вэньцзюньмен матчта ойнау құқығына ие болады.
Блиц бойынша әлем чемпионаты екі кезеңде өтті. 1-кезеңде швейцариялық жүйе бойынша 19 турдың қорытындысы арқылы ашық турнирде (ерлер), ал әйелдер турнирінде 15 турдың қорытындысы бойынша үздік квартеттер анықталды, 2-кезең 4 партиядан тұратын жартылай финал мен финалдан тұрды.

Әйелдер турнирінде бірден бес қатысушы бірдей ұпай санымен мәреге жетті. «Қысқартылған» Бухгольц коэффициенті блицтегі ең атақты шахматшы – блицтен екі дүркін әлем чемпионы (2012, 2023), екі дүркін вице-чемпионы (2016, 2017) және қола жүлдегері (2021) Валентина Гунинаға қиындау жағдай туғызды:
1. GM Бибісара Асаубаева (2428) – 11 ұпай, 130,5 – қысқартылған» Бухгольц коэффициенті;
2. GM Анна Музычук (2397, Украина) – 11, 125,5;
3. IM Элин Руберс (2377, Нидерланды) – 11, 125,5;
4. GM Чжу Цзиньэр (2425, Қытай) – 11, 121;
5. GM Валентина Гунина (2314, FIDE) – 11, 120,5.
Жартылай финалда Бибісара қытайлық қарсыласына ешқандай мүмкіндік қалдырмады – 3–0. Ал Анна Музычук 19 жастағы нидерландтықты оңайлықпен емес – 2½–1½ есебімен жеңді.

Финалда әлемнің екі дүркін чемпиондары – Анна Музычук (2014, 2016) пен Бибісара Асаубаева (2021, 2022) кездесті. Алайда үш дүркін чемпион атанған дәл қазақстандық шахматшы болды: үш партия тең аяқталып, ал төртіншісінде ақ фигуралармен ойнаған 21 жастағы Бибісара Асаубаева жеңісті нүктені қойды – 2½–1½! Алтын медальмен бірге ол 40 000 еуро көлеміндегі чекті де иеленді.
18 жастағы алматылық Алуа Нұрман жүлделі 12-орынды (2500 еуро) иеленді.