Қазақстанда зияткерлік меншікті қорғаудың бірыңғай платформасы құрылады

825
Фотосурет: DKNews.kz

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі 2025 жылғы 24 қарашада Президент қол қойған «Зияткерлік меншік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға түсіндірме жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжат тауар белгілерін жедел тіркеуді, құқықтарды ұжымдық басқаруды цифрландыруды және авторларды қорғауды күшейтуді көздей отырып, зияткерлік меншікті қорғаудың заманауи әрі ашық жүйесін қалыптастырады.

Заңның қабылдануы зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды. Құжат авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, тауар белгілері мен патенттеу саласындағы негізгі нормаларды нақтылауға, сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа реттеу тетіктерін енгізуге арналған.

Заңда тауар белгілерін үш айға дейінгі мерзімде жедел тіркеуді енгізу, сондай-ақ қарсылықтар беру мерзімін ұзарту көзделген, бұл бизнеске өз қызметін неғұрлым сенімді әрі болжамды түрде жоспарлауға мүмкіндік береді. Патенттік сенім білдірілген өкілдер институты дамытылуда: олардың мамандануы енгізіледі, бұл өтінімдерді сүйемелдеудің сапасын және зияткерлік меншік нарығындағы кәсіби сараптама деңгейін арттырады.

Заңда құқықтарды ұжымдық басқаруды цифрландыруға ерекше назар аударылған. Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) құру шарттар жасасудан бастап авторларға сыйақыларды бөлуге дейінгі барлық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықтың барлық қатысушылары үшін қолжетімді болады. Сонымен қатар құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың қызметіне бақылау шаралары күшейтіліп, ұжымдық басқару салалары кеңейтіледі, оның ішінде шығармаларды интернет желісінде пайдалану да қамтылады, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтардың сақталуына мемлекеттік бақылау енгізіледі.

Жалпы алғанда, Заң зияткерлік меншікті қорғаудың заманауи, түсінікті және әділ жүйесін қалыптастырып, құқық иеленушілер, пайдаланушылар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады, сондай-ақ Қазақстан Республикасында шығармашылықтың, инновациялардың және кәсіпкерлік белсенділіктің дамуына қолайлы жағдайлар жасайды.

Заң 2026 жылғы 25 қаңтарда күшіне енеді. Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу үш кезеңде жүзеге асырылып, 2027 жылғы қаңтарда аяқталады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -