Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы және қызметтік шектеулер қайта қаралды

3575
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша өзгерістерді көздейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының шешімдерін орындау және мемлекетке заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Ресми хабарламаға сәйкес, бұл заң бұған дейін Сенат депутаттары тарапынан екінші оқылымда мақұлданған. Құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз алынған активтерді қайтару, жер пайдалану құқықтарын мұрагерлікке беру, сондай-ақ алименттік міндеттемелерді орындау салаларын қамтитын бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізеді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі — мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғалар үшін кәсіпкерлік және өзге де ақылы қызметпен айналысуға қойылған жалпы тыйымның алынып тасталуы. Сонымен қатар бірқатар санаттар үшін қолданыстағы шектеулер сақталады. Олардың қатарында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейтін аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым қызметкерлері, сондай-ақ ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылары бар.

Сонымен бірге заңда кәсіпкерлік қызметке жол берілмейтін жағдайлар нақты айқындалған. Атап айтқанда, бизнес қызметтік міндеттерді орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдаланумен байланысты болса немесе мүдделер қақтығысына әкелсе, мұндай қызметке тыйым салынады.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 4 желтоқсанда сенаторлар әкімшілік әділет, нормашығармашылық және заң көмегін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулерді де екінші оқылымда мақұлдаған, бұл ауқымды құқықтық реформалар пакетінің бір бөлігі болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -