2026 жылдан бастап салық жүйесінде елеулі өзгерістер күшіне енді. ҚҚС төлеушілер үшін ең өзекті тақырыптың бірі - жалпыға бірдей белгіленген режимнен арнаулы салық режимдеріне (АСР) дұрыс көшу, деп хабарлайды DKNews.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бұл процесс кезінде жиі кездесетін мәселелерді түсіндірді. Төменде бизнеске маңызды негізгі тұстарды жинақтадық.
ҚҚС бойынша есептен қашан шығарады
Жаңа Салық кодексінің 103-бабына сәйкес ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығару тек екі жағдайда жүргізіледі:
- жалпыға бірдей белгіленген режимнен АСР-ге көшкенде
- қызметін тоқтатқанда немесе тарату кезінде
АСР-ге көшу кезінде салық төлеуші:
- қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламамен бірге
- ҚҚС бойынша таратушы (ликвидациялық) салық есептілігін ұсынады.
ҚҚС бойынша есептен шығару күні - АСР қолдану басталған күннен бастап есептеледі.
Жалпыға бірдей белгіленген режимді қолданатын салық төлеушілер үшін бұл күн - қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама берілген күн.
Мысал
Егер хабарлама 2026 жылғы 5 қаңтарда берілсе, онда:
- ҚҚС бойынша есептен шығару күні - 2026 жылғы 5 қаңтар
- ҚҚС бойынша таратушы есептілік 2026 жылдың 1 тоқсаны үшін тапсырылады
Тауар қалдықтары және ҚҚС
АСР-ге өткенде тауар қалдықтары бойынша да салықтық салдар бар, оны елемеуге болмайды.
- Бұрын ҚҚС есепке жатқызылған тауар қалдықтары салық салынатын айналым болып танылады
- Айналым тауарлардың баланстық құны бойынша айқындалады (қайта бағалау мен құнсыздандыру есепке алынбайды)
- Тауар қалдықтары бойынша Салық кодексінің 205-бабына сәйкес ҚҚС бойынша есептен шығару күніне дейінгі күнге салық тіркелімі жасалады
- ҚҚС мөлшерлемесі айналым жасалған күніне қолданылады (ҚҚС бойынша есептен шығару күніне дейінгі күн)
Маңызды: салық салу күні мен ҚҚС мөлшерлемесін айқындау кезінде АСР қолдану басталған күн шешуші мәнге ие. Яғни, қай күннен бастап АСР-ге өтсеңіз - барлық есеп соған байланады.
2026 жылға дейін АСР қолданғандар үшін өтпелі ережелер
Бұрын қолданылған арнаулы салық режимдерінің (шаруа және фермер қожалықтарына арналған АСР-ден басқа) күшін жоюына байланысты арнайы өтпелі нормалар көзделген.
Кәсіпкерлер:
- 2026 жылғы 1 наурызға дейін хабарлама беріп,
- 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге көше алады
Бұл жағдайда:
- ҚҚС бойынша есептен шығару - 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады
- ҚҚС бойынша таратушы есептілік 2025 жылдың 4 тоқсаны үшін тапсырылады
- Тауар қалдықтары 31.12.2025 жағдайы бойынша айқындалады
- Оларға 12% ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады
ҚҚС төлеушілер үшін АСР-ге көшу - жай ғана «режим ауыстыру» емес, салықтық және есептік салдары бар маңызды қадам.
Есте сақтаңыз:
- ҚҚС бойынша есептен шығару - АСР басталған күнге байланған
- АСР-ге көшкенде міндетті түрде ҚҚС бойынша таратушы есептілік тапсырылады
- Бұрын ҚҚС-қа жатқызылған тауар қалдықтары салық салынатын айналымға айналады
- 2026 жылға дейін АСР қолданғандар үшін бөлек өтпелі тәртіп бар