Қостанайда әскери қызметшілер майдангерді қос мерекемен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
7 қаңтарда Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Васильевич Даценко 101 жасқа толды. Қостанай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері майдангердің шаңырағына арнайы барып, туған күні мен Рождество мерекесіне орай құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Департамент өкілдері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан жолданған құттықтау хатын табыстап, ардагерге жауынгерлік ерлігі мен елге сіңірген еңбегі үшін шынайы ризашылықтарын білдірді. Павел Васильевичке мықты денсаулық, отбасының амандығы мен ұзақ ғұмыр тіледі.
"Сіз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан, батырлық пен табандылықты ту еткен қаһарман ұрпақтың өкілісіз. Сіздің өмір жолыңыз – біз үшін отансүйгіштік пен халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі" Ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы лейтенант Адия Нұрпейісова
Павел Даценко 1925 жылы Қостанай облысының Владимировка ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттанып, екінші Украина майданының құрамында шайқасты. Ол Курск доғасындағы ұрыстарға, Корсунь-Шевченко және Яссы–Кишинев шабуыл операцияларына қатысып, Румыния, Венгрия және Чехословакия жерлерін азат етуге атсалысты. Жеңісті Вена қаласының маңында қарсы алған. Соғыс жылдарында бірнеше рет жарақат алды. Бейбіт өмірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарында қызмет етті.
Майдангердің ерлігі II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін», «Кеңес Одағының маршалы Жуков» медальдарымен бағаланды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсету – қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Майдангерлерге құрмет көрсету арқылы әскери қызметшілер батырлардың ерлігін ұлықтап, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге үлес қосып келеді.