Астанадан бір түнде 51 мың текше метрден астам қар шығарылды

1738
Фотосурет: Gov

Елордада коммуналдық қызметтер қыс мезгілі басталғалы бері тәулік бойғы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Боран мен қолайсыз ауа райына қарамастан, қар күреу жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Өткен түнде қала аумағынан 51 мың текше метрден астам қар 3 782 рейс арқылы арнайы ауыр жүк көліктерімен шығарылды. 8 қаңтар күні таңертеңнен бастап қар тазалау жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 700-ден астам арнайы техника тартылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жалпы қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 1,9 миллион текше метрден астам қар 149 714 рейс арқылы шығарылды.

Ең алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылуда.

Сонымен қатар, аула аумақтарының тазалығын қамтамасыз ету ПИК пен МИБ-тің міндеті екені атап өтіледі. Аталған ұйымдар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен мұздан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ жүруге, сондай-ақ ауа райы қолайсыз күндері алыс сапарларға шықпауға шақырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -