2025 жылғы қарашада Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекітті. Құжат ресми түрде алдағы үш жылға арналған Қазақстанның толыққанды экономикалық платформасы ретінде ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарламаның мақсаттары қағаз жүзінде әсерлі көрінеді: инфляцияны төмендету және тұрақтандыру, экономиканың жыл сайын кемінде 5% өсуін қамтамасыз ету және халық табысының инфляциядан 2-3 пайыздық тармаққа жоғары қарқынмен өсуі. Алайда Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірхановтың пікірінше, бұл құжатта шешілмеген жүйелі сұрақтар тым көп.
Инфляция басты мәселе ретінде дұрыс аталған, бірақ…
Бағдарламада инфляцияның негізгі себептері нақты көрсетілген: тұтынушылық несиелеу аясындағы жоғары ішкі сұраныс, геосаяси тәуекелдерге байланысты сыртқы нарықтардағы құбылмалылық, теңгенің әлсіреуі мен импорттың қымбаттауы, әлемдік азық-түлік бағасының өсуі, реттелетін тарифтер және фискалдық импульс.
Құжатта бюджет консолидациясы орта мерзімді кезеңдегі басты дезинфляциялық фактор ретінде аталады. Бұл бағалаумен келісуге болады. Алайда ұсынылып отырған нақты шаралар, сарапшылардың айтуынша, контрциклдік бюджет саясатының классикалық қағидаттарына толық сәйкес келмейді.
8 трлн теңгелік квазифискалдық ынталандыру
Үкімет 2026 жылы Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қысқартуды жоспарлап отыр. Бірақ сонымен қатар экономикаға квазифискалдық ынталандыруды күрт арттыру көзделген. Бұл жерде негізгі рөл Ұлттық инвестициялық холдинг Бәйтерек-ке жүктеліп отыр.
Бағдарламаға сәйкес, 2026 жылы Үкімет холдингке тағы 1 трлн теңге бөледі. Бұдан бөлек, "Бәйтерек" ішкі және сыртқы нарықтардан 7 трлн теңгеге дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, приоритетті салаларды қолдаудың жалпы көлемі жылына шамамен 8 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Формалды түрде бұл тікелей бюджет шығыстары емес. Бірақ іс жүзінде холдингтің қарыздары мемлекет кепілдігімен немесе жанама қолдауымен жүзеге асады. Сондықтан мұндай операциялар ішкі сұранысты күшейтіп, инфляциялық қысымды арттыратын классикалық квазифискалдық шаралар болып саналады.
Осыған байланысты Халықаралық валюта қоры 2025 жылғы қарашада Қазақстанға жасаған миссиясының қорытындысында ірі фискалдық және квазифискалдық операциялар инфляция мен макроэкономикалық тұрақтылыққа айтарлықтай қауіп төндіретінін ашық атап өтті.
Халық табысы қалай өседі?
Бағдарламада халықтың нақты табысы инфляциядан жоғары өседі деп көрсетілген. Бірақ 2026 жылы инфляция 9-11% деңгейінде болжанып отырған жағдайда бұл өсім нақты қандай факторлар есебінен қамтамасыз етілетіні ашып айтылмайды.
Сол сияқты құжатта жеке ішкі және шетелдік инвестициялардың жедел өсуіне жол ашатын жаңа тетіктер де нақты көрсетілмеген.
Ескі формулалар - жаңа құжатта
"Сапалы және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету" тарауында тағы да таныс бағыттар тізілген: экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, шикізаттық емес экспортты дамыту, АӨК, металлургия, мұнай-химия, көлік-логистика, энергетика, машина жасау және туризм.
Алайда бұл тәсілдер Қазақстанда соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы қайталанып келеді. 2003-2015 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясынан бері мақсаттар өзгерген жоқ, ал нәтижелер күткендей болмады.
Мысал ретінде инвестицияларды алуға болады. 2021 жылы бекітілген Ұлттық даму жоспарында негізгі капиталға салынатын инвестицияларды 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 30%-ына жеткізу көзделген. Ал іс жүзінде 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 14,2% болды, 2025 жылы шамамен 15% деңгейінде қалыптасуы мүмкін.
Тікелей шетелдік инвестициялар да жоспардан айтарлықтай төмен. 2024 жылы экономикаға 17,8 млрд доллар тартылса, 2025 жылдың тоғыз айында 14,2 млрд доллар ғана келген.
Мемлекеттің экономикадағы үлесі азая ма?
Бағдарламада мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту туралы арнайы бөлім бар. Бірақ онда нақты жекешелендіру немесе мемлекеттік қатысуды түбегейлі азайту шаралары емес, көбіне мемлекеттік компаниялардың қызметін "оңтайландыру" жайы айтылады.
Еске салсақ, 2024 жылғы 10 мамырда Мемлекет басшысы экономиканы ырықтандыру жөнінде жарлыққа қол қойған болатын. Ал 2025 жылғы қарашада жарияланған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы шолуы Қазақстандағы бәсекенің әлсіз дамуының негізгі себептерінің бірі ретінде мемлекеттің экономикадағы шамадан тыс рөлін атады.
Алайда жаңа Бағдарламада бұл мәселелерге терең талдау жасалмаған. Керісінше, мемлекеттік жеңілдетілген несиелеуді жылына 8 трлн теңгеге дейін ұлғайту арқылы мемлекеттің экономикадағы рөлін одан әрі күшейту жоспарланып отыр.
Мурат Темирхановтың пікірінше, 2026-2028 жылдарға арналған жаңа бағдарлама бұрынғы қателіктерге сыни баға бермейді, нақты тиімділік индикаторларын ұсынбайды және жеке секторға негізделген тұрақты өсімге көшу тетіктерін анық көрсетпейді.
Қазіргі көрініс бойынша, Қазақстан экономикасы алдағы жылдары да жоғары инфляция, квазифискалдық ынталандыру және мемлекеттің басым рөліне сүйенген бұрынғы инерциямен қозғала беретіндей. Ал бұл модельдің ұзақ мерзімді нәтижесі әлі де үлкен сұрақ күйінде қалып отыр.