2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы жүйесіне қатысты маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) арқылы төленетін зейнетақы төлемдері мен тұрғын үй немесе емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Алғаш естігенде бұл жаңалық көпшілік үшін жақсы жаңалық сияқты. Алайда құжаттағы ұсақ әріптерге үңілсек, бұл өзгерістердің көлеңкелі тұстары да бар екенін байқауға болады.
Бұрынғы жүйе қалай жұмыс істеді?
Осы уақытқа дейін БЖЗҚ-дан алынатын барлық төлемдер табыс ретінде қарастырылып, 10% мөлшерінде ЖТС ұсталып келді. Яғни азаматтар зейнетақы жарналарын салық салынбай тұрып жинады да, оны алған кезде мемлекет өз үлесін алып отырды.
Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйге немесе емделуге пайдаланғандар да салықтан босатылған жоқ. Тек таңдау құқығы болды - салықты бірден төлеу немесе оны зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдыру.
2026 жылдан бастап не өзгереді?
Жаңа тәртіп бойынша Қазақстан Республикасының резиденттері үшін:
- зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен;
- біржолғы зейнетақы төлемдерінен
ЖТС мүлде ұсталымайды. Салық тек резидент емес тұлғаларға төленетін зейнетақыдан ғана алынады.
Сонымен қатар бұрын біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша кейінге қалдырылған ЖТС міндеттемелері жойылады. Бірақ бұл жерде маңызды бір нюанс бар - бұрын төленген салықтар қайтарылмайды. Яғни біреулер уақытында пайдаланып, 10% салық төлеп қойды, ал енді біреулер сол соманы толық алады. Мұны әлеуметтік әділетті шешім деп айту қиын.
Әлеуметтік осал топтарға жеңілдік бар, бірақ...
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін бұрыннан бар норма сақталады. Олар біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша 882 АЕК шегінде салықтық шегерім қолдана алады. Бұл санатқа мүгедектігі бар адамдар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетім балаларды асырап алғандар, соғыс ардагерлері және өзге де тұлғалар кіреді.
Егер осы топқа жататын азаматтар бұрын ЖТС-ты бірден төлеп қойған болса, олар БЖЗҚ-ға өтініш беріп, салықты қайта есептетіп, қайтарып алуға құқылы. Бірақ бұл мүмкіндік үш жылмен шектеледі. Ақпараттан бейхабар қалған немесе құжат жинауға шамасы жетпеген адамдар бұл мүмкіндіктен тыс қалуы мүмкін.
Көпшілік байқамаған тағы бір өзгеріс
2026 жылдан бастап жеке тұлғаның өз пайдасына төлеген ерікті зейнетақы жарналары бойынша салықтық шегерімдер жойылады. Яғни мемлекет азаматтарды өз еркімен көбірек зейнетақы жинауға ынталандырудан бас тартып отыр.
Иә, жұмыс берушінің қызметкер үшін аударған ерікті жарналары бұрынғыдай салық салынбайды әрі компания үшін шығыс ретінде есептеледі. Бірақ бұл - жұмыс берушісі бар, тұрақты табысы жоғары азаматтарға ғана тиімді. Ал қарапайым халық үшін ерікті жарна төлеудің мәні азая түседі.
Зейнетақы төлемдерін ЖТС-тан босату - көптен күткен қадам. Алайда бұл шешім бәріне бірдей тиімді деуге келмейді:
- бұрын салық төлегендер ұтылды;
- резидент еместер үшін айырмашылық сақталды;
- ерікті жинақтауға ынталандыру әлсіреді.
Зейнетақы реформасы сырттай қарағанда халыққа қолдау сияқты көрінгенімен, оның ішінде сұрақ көп. Ал бұл сұрақтар жауапсыз қалған сайын, БЖЗҚ мен жалпы зейнетақы жүйесіне деген сенім де сынақтан өте береді.