Бас көлік прокуратурасы мен «Қазпошта» АҚ қылмыстың алдын алу бойынша бірлескен жобаны іске қосты, деп хабарлайды DKNews.kz.
500 мыңнан астам адам қолданатын «QazPost.kz» мобильді қосымшасында Бас көлік прокуратурасының ресми сайтына сілтеме беретін интерактивті қосымша бет пайда болды. Онда тыйым салынған заттарды (есірткі құралдары, қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер) жөнелткені және алғаны үшін көзделген қылмыстық жауаптылық туралы түсіндірмелер берілген.
Іске асырылып жатқан профилактикалық шаралар почта жөнелтілімдері арқылы жасалатын қылмыстардың санын азайтуға және олардың алдын алуға бағытталған.
Айта кететін жайт, соңғы үш жылда көлік нысандарында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабында (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) көзделген 235 қылмыс тіркелді.
Прокуратура сәлемдемелерді ресімдеу және алу кезінде қырағы болуға шақырады. Кез келген күдікті жағдайлар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.