Еліміздің таулы аймақтарында қардың жиналуына байланысты жекелеген қар көшкіндері өздігінен түсуі мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көшкіндердің жүруіне түрткі болу қаупіне байланысты қар басқан тік беткейлерге шықпаған жөн. Тауда абай болыңыздар.
Халықтың, туристердің, қонақтар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласындағы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы тауларда қар көшкіндерін мәжбүрлеп түсіру бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 3516 м³ қар массасы түсірілді.

ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ мамандары көшкін қаупі бар аумақтарға тұрақты әрі үздіксіз мониторинг жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін республика бойынша 163 жерүсті тексеру жүргізілді. Қар көшкіндерінің жүруі мүмкін аймақтарда 108 ескерту белгісі орнатылды. Сонымен қатар «Абайлаңыз, қар көшкіні!» деген 944 ескерту хабарламасы, 3754 ақпараттық брошюра, сондай-ақ «Абайлаңыз, қар көшкіні!» және «Абайлаңыз, сең жүруі!» атты үгіт-насихаттау ақпараттық материалдар таратылды.
Қар көшкіні жағдайы шиеленіскен кезде және «Қазгидромет» РМК дауылды ескертулері негізінде төтенше жағдайлар департаменттерімен және ішкі істер органдарымен бірлесіп көшкін қаупі бар аймаққа халық пен автокөліктің кіруін шектеу үшін бақылау-өткізу бекеттер қойылады.

Егер қар көшкіні туралы ескерту жарияланса, тауларға барудан бас тартқан жөн. Егер ескерту болмаса, жолға шықпас бұрын метеорологиялық болжамдарды білу, қозғалыс маршруттарын жасау, дайындықсыз учаскелерде серуендеуден және сырғанаудан аулақ болу, таңбаланған соқпақтармен жүру, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар жерлер туралы мүмкіндігінше көбірек білу, қауіпті беткейлерден мүмкіндігінше аулақ болу керек.
Егер тауға шығар алдында қалың қар түссе, жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған дұрыс, ал қар көшкіні болмаған жағдайда оның шөгуін күткен дұрыс.