Антқа берік, қызметке адал

2222
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

10 қаңтар – ҚР Ұлттық ұланының құрылған күні, деп хабарлайды DKNews.kz.

Осыдан тура 34 жыл бұрын Мемлекет басшысы қол қойған Жарлыққа сәйкес Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері құрылды. 2014 жылдың сәуір айында бұл құрылым Ұлттық ұлан болып қайта жасақталып, бүгінде ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында мүлтіксіз қызмет атқарып келеді.

Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде» атты Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды іске асыру аясында Ұлттық ұланда басқару процестерін кешенді түрде трансформациялау жүргізілуде. Бұл жұмыс әскери бөлімшелер қызметінің тиімділігін арттыруға және цифрландыруға бағытталған.

Аталған жоба шеңберінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің «NitecAI» платформасы орнатылып, әскерлерді басқару орталығын Ұлттық бейнемониторинг жүйесіне қосу қамтамасыз етілді. Бұл жүйе «Сергек» және өзге де мемлекеттік бейнебақылау ресурстарымен біріктірілді.

«Қамту -  2025» атты заманауи күзет кешені әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Кешен тәжірибелік түрде түзеу мекемелерінің бірінде сынақтан өтіп, өз тиімділігін көрсетуде. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан Академиясы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне патент алу үшін өтінім жолдады.

Еліміздің Әскери доктринасы қорғаныстық сипатта болғанымен, әскерлер заманауи кез келген қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге әрдайым дайын болуы тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланында авиацияны дамыту, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді жетілдіру, сондай-ақ әскерлерді заманауи көліктік брондытанкілік техникамен және қару-жарақ үлгілерімен жарақтандыру басым бағыттар ретінде айқындалған.

Бүгінгі таңда әскерлердің әуе кемелеріне деген қажеттілігі іс жүзінде толық қамтамасыз етілді. Ұшақтар өндіруші зауыттың бір жылдық кепілдігімен пайдалануға берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша қытайлық CATIC компаниясымен Y-8 үлгісіндегі бір типтегі ұшақтарға қызмет көрсететін техникалық қызмет көрсету орталығын құру мәселесі бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді. Қытайлық серіктестер жабдықтарды дайындауға, жеткізуге, іске қосу-баптау жұмыстарын орындауға және мамандарды оқытуға дайын екендерін жеткізді.

2025–2029 жылдарға арналған ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту жоспары бекітілді. Ұлттық ұлан Академиясында болашақ офицерлерді даярлау үшін ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша оқу циклі енгізілді. Ал елордалық құрамада қатардағы және сержанттық құрамға арналған ҰҰА мамандарын даярлау сыныбы жабдықталды. Алматы қаласы маңындағы жауынгерлік және әдістемелік даярлық орталығында осы бағыт бойынша мамандарды курстық даярлау басталды.

Байланысты ұйымдастыру мәселелері бойынша да қомақты жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің біріктірілген байланыс желісін орнату аясында 18 базалық трекинг станциясы пайдалануға берілді. Бұл жабдықтар қалалар көшелерінде қызмет атқаруды басқару сапасын арттыруға, мобильді құрылғылардың электрондық карталарында GPS-тректерді көрсетуге мүмкіндік берді.

Мұндай техникалық құралдарды енгізу жоғары тиімділігін көрсетіп, ірі қоғамдық-саяси іс-шараларды қамтамасыз ету кезінде қызмет нәтижелілігін арттырды.

Міндеттерді сәтті орындауда қару-жарақ пен әскери техниканы тұрақты  түрде жеткізудің маңызы зор. Айта кету қажет, әскердің былтырғы жылғы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясында және лизинг арқылы патрульдік-посттық қызметті атқару мен өзге де міндеттерді орындау үшін 2025 жылы автомобиль және арнайы техниканың 700-ге жуық бірлігі сатып алынды.

Арнайы мақсаттағы бөлімшелер үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарының оқу-жаттығу кешендері мен заманауи қару-жарақ түрлері сатып алынуда.

Әскерлердің қалыпты қызметінде инфрақұрылымды дамыту айрықша орын алады. Ұлттық ұлан Академиясы үшін ғимараттар мен құрылыстар салу жұмыстары жалғасуда. 2024 жылғы қараша айында мұнда заманауи талаптарға сай курсанттардың тұруына арналған жаңа казарма пайдалануға берілді. Казармадағы бөлмелер біртұтас стильде салынған және қазіргі заманғы техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ Көкшетау қаласындағы батальонды орналастыруға арналған тағы бір заманауи казарма жедел бригада үшін пайдалануға берілді.

Батальондарды орналастыру мақсатында Алматы, Түркістан, Жезқазған қалаларында әскери қалашықтар, ал Орал, Қызылорда және Атырау қалаларында казармалар салу жұмыстары жалғасуда.

Бас қолбасшылық Алматы, Тараз, Қонаев, Талдықорған, Ақтөбе, Ақтау, Көкшетау, Өскемен қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, әскери қалашықтар мен казармалық-тұрғын үй салу және жөндеу мәселелері бойынша жұмыстарды ұйымдастырды.

Әскери қызметшілерді даярлауда жаңа технологиялар мен оқыту әдістері енгізілуде.

Әртүрлі оқу-жаттығуларды өткізу барысында, оның ішінде халықаралық сипаттағы жаттығуларда алғаш рет «FPV» ұшқышсыз авиациялық жүйелері және отандық өндірістегі әртүрлі мақсаттағы соққы дрондары қолданылды.

Жалпы өткен жылы Ұлттық ұланның әскери басқару органдары, әскери бөлімдері мен бөлімшелері Қарулы күштер және еліміздің әскерлерімен бірлесіп халықаралық, республикалық және ведомстволық деңгейдегі 210 оқу-жаттығуға, соның ішінде «Антитеррор» және Ішкі істер министрлігінің арнайы жедел жоспарлары аясындағы іс-шараларға қатысты.

Арнайы әскери бөлімдер 15 аса маңызды және стратегиялық нысанды күзету бойынша міндеттерді абыроймен орындады.

Қазақстанда атом электр станциясын салу аясында нысанның өз аумағында және оның сыртында күзет пен жедел әрекет ету күштерін орналастыру және жарақтандыру үшін қажетті инфрақұрылым құру жөнінде ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, Ұлттық ұланның жаңа әскери бөлімі мен оған арналған қалашық құрылысын салу көзделген.

Осылайша, әскерлердің дамуы мен жауынгерлік дайындық деңгейін сақтау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда.

Қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық міндеті болып табылады.

2025 жылы Ұлттық ұлан өзіне міндеттелген қызметтік-жауынгерлік қызметті толық көлемде орындады.

Оның негізгі міндеттерінің бірі – ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру болып табылады.

Өткен жылы құқықтық тәртіп әскерлерінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында патрульдік-посттық қызметтің 3308 міндетін орындап, 985 қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты.

Қалалар көшелерін патрульдеу кезінде әскери жасақтар шамамен 17 мың құқық бұзушыны ұстап, ішкі істер органдарына жеткізді, олардың 687-сінде қылмыс белгілері анықталды.

Жауынгерлік қызметті атқару барысында 308 суық қару мен оқ-дәрі тәркіленді, жалпы салмағы үш килограммнан асатын есірткі тәркілеу  бойынша 136 дерек тіркелді.

Ұлттық ұланның қарауылдары қылмыстық-атқару жүйесінің 39 мекемесін және 1 өндірістік нысанды күзетуді қамтамасыз етеді. Ұландықтар сотталғандардың ішкі тыйым салынған аймаққа өтуінің 7 фактісінің жолын кесті.

Аталған кезеңде негізгі қоршау арқылы тыйым салынған заттарды өткізудің 123 фактісінің алды алынды, оның ішінде 7 жағдай ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану арқылы жасалса,  көліктік бақылау-өткізу пункттері арқылы тыйым салынған заттарды өткізудің 32 әрекеті және 9 жағдай қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бақылау-өткізу пункттері арқылы тыйым салынған заттарды алып өтуді көздеген әрекеттер болып табылады.

Аталған құқықбұзушылықтарды жүзеге асыру барысында 85 азаматтық тұлға ұсталды. Сонымен қатар 1297 ұялы телефон, 635 SIM-карта, 639 тесіп-кесетін заттар мен суық қару, жалпы салмағы 2 килограммнан асатын есірткі заттары, 65 литрден астам құрамында спирттік сұйықтық, 145 мың теңгеден астам ақша қаражаты және 300 АҚШ доллары тәркіленді.

Ұлттық ұлан қарауылдары 62 мыңнан астам сотталған және қамауда отырғандарды тасымалдады, оның ішінде екі мыңнан астам сот процесі қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.

Жеке құраммен тәрбие жұмысын жетілдіру және тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қабылдануда.

Жыл сайын Ұлттық ұлан қатарына шамамен 14 мың жас қазақстандық шақырылады. Әскердің негізгі тірегі офицерлік құрам болып табылады,  міндеттердің басым бөлігін келісімшарт бойынша әскери қызметшілер  атқарады. Аталған санаттардың әрқайсысымен тәрбие жұмысын жүргізу белгілі бір жүйелілікті, құрылымды және жеке көзқарасты талап етеді.

Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық ахуалына тікелей әсер ететін тәрбие, психологиялық және әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру мен жүргізудің тиімділігіне ерекше көңіл бөлінуде.

Өткен жылы әскерлерде тәрбие жұмыстарының кешені 2022–2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын іске асыру және Ішкі істер министрлігі жариялаған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: Заң мен тәртіп күзетінде» аясында өткізілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскери құралымдарда 2025–2028 жылдарға арналған «Армиядағы заң мен тәртіп», «Цифрлық алдын-алу шаралары» сияқты ведомствоаралық бағдарламалар іске асырылуда.

Еліміздің ғылыми ұйымдары мен оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық жүргізілуде. Мәселен, Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімі мен елордалық бригада базасында «Victory Technology» ЖШС мамандарымен бірлесіп, және әскери қызметшілердің қалыптан тыс психологиялық жай-күйін анықтау мен алдын алуға бағытталған жаңа әдістеме сынақтан өткізілді. Қазіргі уақытта әзірлеушілер деректерді Еуразия ұлттық университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы университеттің ғалымдарымен бірлесе тексеруде.

Жеке құраммен жұмыс істеудің жаңа нысандары мен әдістерін енгізу мақсатында әскерлердің тәрбие құрылымдарының барлық офицерлері практикалық даярлықтан өтті. Жиын барысында «Ұландық дос» атты жаңа әдістемелік құрал таныстырылып, кейіннен ол әскерлерде қолданысқа енгізілді.

Әскерлердегі жеке құрамға бақылау жүргізу және ішкі ережелердің бұзылуына жол бермеу мақсатында бейнебақылау камераларының санын арттыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда әскери қалашықтар аумағында, казармаларда, қару-жарақ қоймаларында, асханаларда, тұрмыстық қызмет көрсету орындарында, тәуліктік бойғы кезекшілік пункттері мен қарауылдарда бес мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Олардың жұмысы әскери бөлім командирлерінің, жедел кезекшілердің және әскери полицияның тұрақты бақылауында. Камералар жеке құрамды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді, қажет болған жағдайда болған жағдайда жазбаларды қайта қарап, заң бұзушылықтар мен жарақат алу фактілерін  анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл шаралардың нәтижесі өз жемісін беруде. Өткен жылы әскерлерде топтық құқық бұзушылықтарға және мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілердің өміріне қауіп төнген жағдайдар болған жоқ.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан мерзімді әскери қызметшілерге және олардың қызмет өту кезіндегі қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, әскери қызмет мерзіміне «Несиелік демалыстар» беру мүмкіндігі қарастырылған.

«Срочник 2.0» бағдарламасы еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп 2023 жылдан бастап іске асырылуда. 2025 жылдың өзінде Ұлттық ұлан сарбаздарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін білім алуға шамамен 1300 білім беру гранты берілді. Құқықтық тәртіп әскерлеріндегі төрт мыңға жуық мерзімді қызмет сарбаздарының ішінен жауынгерлік даярлықта озық көрсеткішке қол жеткізген үздіктер жеңімпаз атанып, оларға оқу сертификаттары табысталды.

Әскери қызметшілердің құқығын қорғау және олардың қызметтегі жағдайын жақсартуда «Аналар жүрегі» әскери қызметшілер аналары комитетімен өзара ынтымақстастыққа үлкен мән беріледі. Тек өткен жылдың өзінде аталған қоғамдық ұйыммен бірлесіп 90-нан астам іс-шара өткізілді.

2025 жылғы 23 мамырда Астана қаласында «Сарбаз қызметі жолындағы ана қамқорлығы» тақырыбында II Республикалық форум өтті. Форум жұмысына барлық күштік құрылымдардың, Денсаулық сақтау министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Бас әскери прокуратураның өкілдері, Мәжіліс депутаттары және әскери қызметшілердің ата-аналары қатысты.

Шара барысында мерзімді әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер, МӘМС аясында стоматологиялық және басқа да медициналық қызметтерді жақсарту, әскери қызметшілерге арналған білім беру бағдарламалары мен гранттар талқыланды.

Өткен жылдың соңында Ұлттық ұлан мен «Аналар жүрегі» комитетінің 2026 жылға арналған бірлескен жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жоспардың негізгі бағыты әскери-патриоттық іс-шараларды өткізуге, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Жұмыстың басты бағыты – жас жауынгерлерді патриотизм рухында, Отанға деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеу.

«Патриот болу – ел мен отбасының игілігі үшін аянбай еңбек ету», – деді Мемлекет басшысы жуырдағы сұхбатында. Ал біз, әскери қызметшілер үшін бұл – әрдайым өз Отанымызды қорғауға дайын болу деген сөз

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -