Есірткі, құмар ойындар және оңай ақша: Астанада мектеп оқушыларымен не туралы айтылды

1551
Фотосурет: Gov

Елордадағы №112 мектепте «Құқықтық мәдениет және жауапты азаматтық позиция» тақырыбында оқушыларға арналған дәріс өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға қоғамдық бірлестік мүшелері, қорғаушылар мен істі болған балалардың ата-аналары, ішкі істер саласының маманы, прокурор қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.



«Жасыл желкен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлзат Алмажанова есірткі қылмысына қатысты құқықтық ақпараттандыру жұмысына белсенді араласып жүргенін айтады.



«Жастарымызға індет болып жабысып отырған үлкен мәселе – есірткі. Ақшадан қысылып жүрген жастар оңай ақша табудың жолын іздеп, осындай жағдайға ұрынады. Мұның астарында құмар ойынға тәуелділік жатыр. 10 жастан бастап, мектеп оқушылары әртүрлі платформаларда ойын ойнап, кейін әртүрлі автоматтардағы ақша тігетін ойындарға жалғасады. Егер осындай қиын жағдайға тап болса, сенім телефондарына хабарласуы керек. Немесе жақындарына айтып, жағдайды ушықтырмай шешуі керек. Бір топ ата-анамен бірге 6 республикалық дөңгелек үстел өткіздік. Бұл бір адамның емес, бүтін бір әулеттің мәселесі. Осылай құқықтық мәдениетті қалыптастыру арқылы, ақпараттық қолдаумен қаншама жастың өмірін сақтап қаламыз», – дейді қоғамдық бірлестік төрайымы.



Жиынға қатысқан ата-аналардың бірі 27 жастағы ұлы есірткі тасымалдағаны үшін темір тордың ар жағында отырғанын айтты.

«Ұлым 27 жасында есірткі тасымалы кезінде ұсталды. Қазір түрмеде отыр. Инстаграмнан 24/7 жұмыс істейтін куратор қажет, жалақысы аптасына 500 мың теңге деген хабарландыру көреді. Telegram-ға сілтеме жібереді. Жеке куәлігін сұрайды, солай есірткі тарататын жұмысқа кіреді. Ақша үшін осындай қадамға барып отыр. Ұлым осындай қадамға барады деп ойлаған жоқпын. Жоғары білімі бар, Шет тілдер университетін бітірген, жұмысы бар. Бірақ ол жерге бір кірген адамды олар оңайлықпен жібермейді. Жақындарының суретін жіберіп, қорқытып ұстайды. Мен ана ретінде ұлымның есірткі тасымалдағаны үшін ұсталғанын естігенде, 3 күн бойы төсектен тұра алмадым, тамақ ішпедім. Мен үшін бұл үлкен күйзеліс туғызды. Содан кейін «балама қалай көмектесемін?» деп іздене бастадым. Алғашқы екі айда баламның темір тордың арғы жағында екенін қабылдау ауыр болды. Балаларымыз осындай қадамға барардың алдында ата-анасына қаншалықты қиын болатынын түсінсе екен. Бала - біздің жүрегіміз, өміріміз» – деді жиынға қатысушылардың бірі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -