Алатау қаласындағы сарбаздар әскери ант қабылдады

1793
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

2026 жылғы 10 қаңтар күні құқықтық тәртіп әскерінің 6654 әскери бөлімінде 90-ға жуық сарбаздың әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Маңызды шара Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы күнімен тұспа-тұс келіп, мерекелік әрі тағылымды мәнге ие болды.

Салтанатты рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, үш дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаров сөз сөйлеп, жас сарбаздарды Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге қадам басуымен құттықтады. Ол өз сөзінде елге адал қызмет етуге, әскери тәртіп пен жауапкершілікті жоғары ұстауға шақырды.

Сонымен қатар, Сарбаздар аналары комитетінің төрайымы Татьяна Тропина жас шақырылым сарбаздарын әскери ант қабылдауымен құттықтап, ата-аналар атынан ақ жол тіледі. Ол ұлдарының ел қорғау жолында абыроймен қызмет етіп, аман-есен оралуына сенім білдірді.

Әскер қатарына қосылған қатардағы сарбаз Ақберен Зарлыханов жалынды сөздерімен қаруластарын жігерлендірді.

Отан алдындағы борышымды абыроймен атқару үшін өз еркімен әскерге келдім. Бұл шешімім үшін өкінбеймін. Сондықтан өзіме жүктелген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, әскери антқа адал болуға уәде беремін, – деді қатардағы жауынгер

Осылайша, әскери ант қабылдау рәсімі жас сарбаздар үшін ерекше жауапкершілік пен мақтанышқа толы тарихи сәтке айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -