Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Президентке ведомствоның 2025 жылы атқарған жұмысының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттері жөнінде жан-жақты есеп ұсынылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Баяндамада келтірілген деректер елдегі көлеңкелі экономикаға, заңсыз қаржы айналымына және қаржылық қылмыстарға қарсы күрестің ауқымын айқын көрсетті.
1135 қылмыстық іс, 141,5 млрд теңге өтелді
Жанат Элимановтың айтуынша, 2025 жылы 1135 қылмыстық іс бойынша тергеу толық аяқталған. Соның нәтижесінде жәбірленушілерге 141,5 миллиард теңге көлемінде шығын өтелді.
Агенттік 128 миллиард теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 15 қылмыстық топ пен 29 заңсыз алаңның қызметін тоқтатты. Бұл схемалар ұзақ уақыт бойы көлеңкелі айналымда жұмыс істеп келген.
Астыртын криптоайырбастау және дроп-карталар
Криптовалюта арқылы қылмыстық кірісті заңдастыруға қарсы күрес те басты бағыттардың бірі болды. Тергеу барысында есірткі саудасы мен алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 22 астыртын криптоайырбастау қызметі әшкереленді.
Сонымен қатар 1,1 мыңнан астам заңсыз онлайн криптовалюта айырбастау сервисі мен есірткі кірісін заңдастыруға қатысы бар 20 мың дроп-карта бұғатталды.
Мыңдаған компаниямен байланыс үзілді
Президентке қаржы секторында күмәнді операцияларға қатысы бар субъектілермен жұмыс нәтижелері де баяндалды. Заңсыз кірісті жылыстатумен айналысты деген күдікке іліккен 2 мың компаниямен және 56 мың жеке тұлғамен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылған.
Бұл қадам қаржы жүйесін тазарту және тәуекелді операциялардың алдын алу үшін қабылданған.
Бюджет, көмір бағасы және жанар-жағармай
Агенттік 53 инфрақұрылымдық жоба бойынша 264,2 миллиард теңге бюджет қаржысын негізсіз жұмсаудың алдын алды. Сондай-ақ тауар биржасы басшылығының 2 миллиард теңге көлемінде заңсыз сыйақы алу схемасы әшкереленіп, әлеуметтік маңызы бар көмір бағасының алыпсатарлық жолмен өсуіне жол берілмеді.
Бұдан бөлек, контрабандалық жолмен шетелге 102 мың тонна бензин шығармақ болған схема әшкереленіп, ел ішінде жанар-жағармай тапшылығының алдын алу мүмкін болды.
Онлайн-казино, жер қойнауы және пайдалы қазбалар
Президентке халықты онлайн-казинолардың ықпалынан қорғау бойынша атқарылған шаралар жөнінде де мәлімет берілді. Тергеу нәтижесінде 35 төлем ұйымының көмегімен 2,1 триллион теңге заңсыз қаржы айналымы анықталған.
Сонымен қатар табиғи ресурстарды барлау жұмыстарын жүргізбеген 437 жер қойнауын пайдаланушыға 625 жер телімінің заңсыз берілгені белгілі болды. Тергеу барысында 382 мың тоннадан астам заңсыз өндірілген пайдалы қазбаны шетелге шығару фактілері де тіркелді.
МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтар
Денсаулық сақтау саласында да жүйелі бұзушылықтар анықталды. МӘМС аясында көрсетілген қызметтер санын қолдан көбейту арқылы 26 миллиард теңге көлемінде шығын келтірілген. Оның ішінде қайтыс болған адамдарға жалған медициналық көмек көрсетілген жағдайлар да бар.
Президент тапсырмалары
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметін одан әрі күшейтуге, көлеңкелі схемалардың алдын алуға және азаматтарды қаржылық қылмыстардан қорғауға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.