2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматы қаласындағы барлық мемлекеттік мектептер отандық BilimClass цифрлық платформасына көшті. Бұл – білім беру саласы үшін маңызды қадам. Себебі жүйе толықтай тегін: оны қолданғаны үшін мектептер де, ата-аналар да, мемлекет те бір тиын төлемейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Платформа қалай енгізілді
BilimClass бірден барлық мектепке енгізілген жоқ. Алдымен жүйе Алматының 15 мектебінде пилоттық режимде сынақтан өтті. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі платформаның функционалы оқу процесіне қойылатын талаптарға толық сай екенін растады.

Маңызды жайт – көшу қысқы каникул кезінде ұйымдастырылды. Бұл оқу барысына еш кедергі келтірмеді. Ал мұғалімдер жаңа жүйемен жұмыс істеу үшін алдын ала арнайы оқудан өтті.
Қазақстан бойынша ауқымды қамту
BilimClass – тек Алматыға ғана емес, еліміздің көптеген өңіріне ортақ цифрлық шешім. Қазір платформаны:
- 2,5 миллион оқушы
- 350 мыңға жуық мұғалім
пайдаланып отыр. Жүйе Алматы қаласымен қатар Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, BilimClass шамамен 5 мыңға жуық мектепті қамтып отыр.
Неліктен BilimClass ерекше
BilimClass-тың басты артықшылығы – оның толықтай отандық платформа болуы. Жүйе қазақстандық білім беру контентіне бейімделіп әзірленген, ал серверлері еліміздің аумағында орналасқан.
Ата-аналар мен оқушыларға мобильді қосымшаны пайдалану үшін жазылым сатып алудың қажеті жоқ. Қосымша тегін, интерфейсі қарапайым, түсінікті әрі заманауи.
Ең бастысы – платформа кәмелетке толмағандар қолданатын жүйе болғандықтан, Қазақстан заңнамасының барлық талаптары қатаң сақталады. Бұл ата-аналар үшін балалар деректерінің қауіпсіздігіне қатысты үлкен сенім береді.
Мұғалімдерге жүктеме азая ма
BilimClass-тың негізгі мақсатының бірі – мұғалімдердің күнделікті рутиналық жұмысын жеңілдету. Платформада:
- күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау
- интерактивті тапсырмалар
- өз сабақтарын жүктеу мүмкіндігі
- БЖБ/ТЖБ каталогы
- чат және жеке кері байланыс құралдары бар
Осының арқасында бағаларды автоматты есептеу, тапсырмаларды басқару және оқушылармен байланыс жеңілдейді.
Ал мектеп басшылығы үшін BilimClass нақты деректерге негізделген басқару құралына айналды. Жүйеде оқушылардың оқу тарихы, үлгерімі және қиындық туындаған тақырыптар нақты уақыт режимінде көрінеді. Бұл оқу процесін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Ақпараттық қауіпсіздік – басты басымдық
BilimClass ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес келеді. Платформа ҚР ҰҚК Мемлекеттік техникалық қызметінің сертификаттауынан өткен.
Жүйе рөлдік модельмен жұмыс істейді:
- мұғалім
- оқушы
- ата-ана
- мектеп әкімшілігі
Әрқайсысы тек өзіне қажетті ақпарат пен функцияларға ғана қол жеткізе алады. Артық деректерге немесе рұқсат етілмеген әрекеттерге жол берілмейді.

Күмәнді белсенділікті болдырмау үшін мониторинг пен ескерту жүйелері жұмыс істейді, барлық маңызды әрекеттер тіркеледі. Қауіпсіздік тәуекелдері тұрақты түрде бағаланып, техникалық тексерулер жүргізіледі.
Электрондық журналдан да кең мүмкіндік
BilimClass – тек электрондық журнал ғана емес, толыққанды цифрлық білім беру экожүйесі. Платформамен бірге мектептер мен оқушылар:
- BilimLand – ТМД аумағындағы ең ірі цифрлық білім беру контент қорына
- iTest – ҰБТ-ға дайындалуға арналған онлайн-тренажерге
- iMektep – бастауыш сыныптарға арналған қазақ тіліндегі видеосабақтарға
қолжеткізеді.
Бұл нені білдіреді
Алматы мектептерінің BilimClass жүйесіне толық көшуі – Қазақстанда білім беру саласының цифрлық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді. Тегін, қауіпсіз және отандық платформа арқылы:
- мұғалімдердің жұмысы жеңілдейді
- ата-аналар үшін ашықтық артады
- мектептер нақты деректерге сүйеніп шешім қабылдайды
Бұл – цифрландырудың есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жүргізіліп жатқанын білдіретін мысал.