Ақмола облысында прокуратура 2024–2025 жылдар аралығында заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары жүйелі түрде бұзылғанын анықтады. Тексеру барысында бірқатар жұмыс берушілер заң талаптарына қарамастан қызметкерлердің жалақысынан жеке табыс салығын негізсіз ұстап келгені белгілі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген азаматтардың теңдігі және кемсітушілікке жол бермеу қағидаттарына қайшы келеді.
Заңда қандай талап бар
Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
Алайда тексеру көрсеткендей, бұл норма іс жүзінде толық сақталмаған. Соның салдарынан мүгедектігі бар азаматтардан заңсыз түрде салық ұсталған.
Прокурорлық шаралар нәтижесін берді
Анықталған бұзушылықтар бойынша прокуратура тарапынан тиісті прокурорлық ден қою шаралары қабылданды. Соның нәтижесінде 344 мүгедектігі бар азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, оларға 12,8 миллион теңгеден астам заңсыз ұсталған салық сомасы толық қайтарылды.
Әлеуметтік осал топтардың құқығы – басты назарда
Ақмола облысының прокуратурасы әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Мұндай заңбұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Ведомство жұмыс берушілер мен бухгалтерлік қызметтерді мүгедектігі бар адамдарға қатысты салықтық жеңілдіктерді қатаң сақтауға және заң талаптарын орындауға шақырды.