Алматы қаласының прокуратурасы көші-қон заңнамасын бұзу арқылы ұйымдастырылған заңсыз көші-қон дерегін анықтады. Тергеу барысында бір бөлмелі пәтерге 109 адам ақылы түрде тіркелгені, алайда олардың бұл мекенжайда нақты тұрмағаны белгілі болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мұндай пәтерлер қоғамда «резеңке пәтер» деп аталады және олар көші-қон талаптарын айналып өту үшін қолданылады.
Қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шықты
Аталған дерек бойынша пәтер иесіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы — заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Сот үкімімен пәтер иесі бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.
Прокуратура ескертеді
Алматы қаласының прокуратурасы мұндай әрекеттердің ауыр құқықтық салдарға әкелетінін ескертеді. Тіркеуді формалды рәсімдеу немесе «тек құжат үшін» тіркеу — қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қадағалау органы азаматтарды көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырып, мұндай құқықбұзушылықтарды анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.