Шымкент қаласында ортақ пайдаланудағы жер учаскесі мемлекеттік меншікке қайтарылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкент қаласында жоспардан тыс жүргізілген тексеру нәтижесінде бұрын заңсыз түрде жеке меншікке берілген ортақ пайдаланудағы жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Тексеруді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Шымкент қаласы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізді.
Бақылау іс-шаралары барысында 2005 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысымен жер заңнамасының талаптарын бұза отырып, жеке тұлғаға аумағы 0,1 гектар жер учаскесі берілгені анықталды. Аталған жер учаскесі ортақ пайдаланудағы аумақта орналасқан және «техникалық қызмет көрсету станциясын, сауда орталығын және сұлулық салонын салу» нысаналы мақсатына ие болған.
Алайда, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 26-бабына сәйкес, елді мекендердің ортақ пайдаланудағы аймақтарында орналасқан жер учаскелері жеке меншікке берілмейді.
Анықталған заң бұзушылықты жою мақсатында Жер ресурстарын басқару департаменті Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотына әкімдік қаулысын және кейінгі сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен жүгінді. Сот талқылауының нәтижесінде департаменттің талаптары толық көлемде қанағаттандырылды.
Аталған іс бойынша берілген апелляциялық шағымды Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қарап, қанағаттандырусыз қалдырды. Бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды күшіне еніп, жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.