Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылыс алаңына барды. Болашақ өндіріс нысаны Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалардың бірі саналады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жаңа газ өңдеу зауыты өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып, табиғи және ілеспе газды ел ішінде терең өңдеуге бағытталған. Жоба Маңғыстау облысы үшін ғана емес, жалпы елдің газ саласы үшін маңызды.
Құрылыс екі іске қосу кешені бойынша жүргізілуде
Жобаны іске асыру барысы тиімді ұйымдастырылуы және жұмыстардың уақытылы аяқталуы үшін құрылыс екі іске қосу кешеніне бөлінген.
Бірінші іске қосу кешені аясында негізгі төмендеткіш қосалқы станцияға арналған жабдықтар құрылыс алаңына жеткізілді. Қуаты 25 МВА болатын күштік трансформаторлар қазіргі уақытта Қазақстанға жеткізілу жолында.

Екінші іске қосу кешені бойынша жеті нысанда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қатарында өрт бекеті, зертхана, қойма, әкімшілік-тұрмыстық кешен, операторларға арналған бөлме, өртке қарсы резервуарлар және химиялық реагенттер қоймасы бар.
Технологиялық жабдықтар дайындалып жатыр
Құрылыс алаңында газды алдын ала салқындату және сынапты жою блоктарының модульдерін құрастыру жұмыстары басталған. Сонымен бірге Siemens компаниясының газ турбинасы қозғалтқышының, сондай-ақ сфералық және вертикалды болат резервуарлардың негізгі элементтері дайын болды.
Қазіргі уақытта жабдықтарды жеткізуге байланысты логистикалық мәселелер пысықталып жатыр.
Сонымен қатар технологиялық жабдықтың бір бөлігі - барлығы 22 позиция - толықтай дайын. Олардың қатарында пропан тоңазытқыш қондырғысының компрессоры, жылу алмастыру жабдықтары, сыйымдылықтар, сүзгілер және басқа да маңызды элементтер бар.
Жоба кестеге сай жүзеге асырылуда
«ҚазМұнайГаз» мәліметінше, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Асхат Хасенов жұмыс сапары барысында мердігерлерге құрылыс кестесін қатаң сақтау және барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Жоба аясында жылына 900 млн текше метрге дейін табиғи және ілеспе газды өңдеуге қауқарлы заманауи өндірістік кешен салу көзделген. Зауыт іске қосылғаннан кейін өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, газды тиімді пайдалану арқылы экологиялық жүктеме де азаяды деп күтілуде.