Жақында таныс зергер бір қызық әңгіме айтты: Алматыдағы кейбір шеберханалар Бішкекке көшу туралы шындап ойлана бастапты. Себебі желтоқсанда Қырғыз Республикасында зергерлік бұйымдарды өндіру мен экспорттауды дамытуға қатысты жаңа заң қабылданды. Ақпарат нарыққа жылдам тарап, көрші ел бір сәтте зергерлер үшін «салықтық жұмаққа» айналғандай әсер қалдырды.
Бірақ мәселені сабырмен тарқатып көрсек, бәрі олай қарапайым емес.
Саясаттанушы Расул Коспановтың авторлық Telegram-каналында айтылғандай, Қырғызстандағы жаңа жеңілдіктер сырттай тартымды көрінгенімен, зергерлік саланы қолдаудың қазақстандық моделі бизнестің бүкіл өндірістік циклі тұрғысынан тиімдірек.
Қырғызстан қандай жеңілдік берді және оның шегі қайда?
Алғаш қарағанда Қырғызстан қабылдаған шаралар прогрессивті сияқты көрінеді. Заң аясында:
- өз өндірісіне арналған жабдықтарды, технологияларды, реактивтерді және шикізатты импорттауға ҚҚС-тан босату;
- дайын өнімді экспорттауға ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдану қарастырылған.
Яғни Қырғызстан негізгі екпінді өндірісті іске қосу кезеңіне қойып отыр - бастапқы шығынды азайтады, кіру тосқауылын төмендетеді.
Алайда шешуші шектеу - ішкі нарықтағы сату кезінде пайда болады. Дайын зергерлік өнім Қырғызстанның ішкі нарығында 12% ҚҚС-пен сатылады. Ең маңыздысы - берілген жеңілдіктер өнімнің айналымына таралмайды. Нәтижесінде өндіруші жабдық пен шикізат әкелген кезде жеңілдік алғанымен, дайын өнімді сатқанда салықтық жүктемені қайта сезінеді. Таза бизнес логикасымен айтқанда, пайда тізбегінің ең «дәмді» жерінде кәсіпкер емес, мемлекет көбірек ұтады.
Қазақстандағы модель неге бизнеске ыңғайлы?
Қазақстанда зергерлік саланы қолдау тәсілі басқаша құрылған - ол өндірістің әр кезеңінде бизнестің қаржылық тынысын сақтауға бағытталған.
Біріншіден, елде өндірілмейтін жабдықтар мен технологияларды импорттау кезінде ҚҚС-ты есепке жатқызу әдісі қолданылады. Бұл кәсіпорынға ҚҚС үшін қосымша ақша «қатырып» қоюға мүмкіндік бермейді, айналым қаражаты тоқтап қалмайды.
Екіншіден, зергерлер отандық аффинаж зауыттарынан аффинаждалған алтынды белгіленген квота шегінде ҚҚС-сыз сатып ала алады. Бұл өнімнің өзіндік құнын төмендететін ең маңызды факторлардың бірі.
Үшіншіден, компаниялар арнайы салық режимдерін пайдаланып, жылдық айналымы 600 мың АЕК-ке дейін болған жағдайда ҚҚС төлемей жұмыс істей алады. Бұл шамамен 2,6 млрд теңгеге жуық көрсеткіш. Яғни іс жүзінде дайын зергерлік өнімнің үлкен бөлігі ҚҚС-сыз айналымда жүре береді.
Нарықтың өзі қай модельдің тұрақты екенін көрсетіп отыр
Қазақстан бүгінде өңірде зергерлік бизнес үшін ең болжамды және тиімді юрисдикциялардың бірі ретінде көрінеді. Елде:
- зергерлік бұйым өндірісімен айналысатын 445 компания;
- зергерлік өнімді сатумен айналысатын 3 759 кәсіпорын бар.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ішкі нарық көлемі 3,1% өсіп, 124,3 млн АҚШ долларына жетті. Бұл сұраныстың бар екенін және салада жұмыс істеу үшін түсінікті ережелер қалыптасқанын аңғартады.
«Бір реттік жеңілдік» емес, жүйе маңызды
Қырғызстанның жаңашылдығы өндірісті бастауға көмектесуі мүмкін - әсіресе жабдық әкеліп, цех ашатындар үшін. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада бизнестің табыстылығы тек импорттағы жеңілдікпен өлшенбейді. Негізгі мәселе - дайын өнімді ішкі нарықта сатқандағы салықтық жүктеме, айналымға қатысты ережелер және шикізатқа қолжетімділік.
Сондықтан Расул Коспановтың авторлық Telegram-каналында көрсетілген тұжырымға сәйкес, Қазақстандағы қолдау моделі зергерлік бизнес үшін өндірістің барлық кезеңінде тиімдірек және ең бастысы - тұрақтырақ көрінеді.