Ұлттық волонтерлік желі жүргізген әлеуметтік зерттеу 2025 жылы елімізде волонтерлік қозғалыстың жаңа серпін алғанын көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Зерттеудің негізгі мақсаты – қоғамның волонтерлік қызметке деген көзқарасын бағалау, оның басым бағыттарын айқындау және азаматтық сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланыстың қаншалықты тиімді екенін анықтау. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен 11 мыңнан астам адам қатысып, сонымен қатар волонтерлік ұйымдардың жұмысына кешенді талдау жасалды.

Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстанда волонтерлік қызмет тұрақты түрде дамып келеді. Қазіргі кезде волонтерлер саны 300 мыңнан асып, іске асырылған жобалар бес есе артқан. Сауалнама нәтижесі халықтың 89 %-ы волонтерлік қызмет туралы білетінін және әрбір үшінші азаматтың волонтерлік бастамаларға белсенді түрде қатысатынын айқындады.

Сұранысқа ие бағыттар қатарында әлеуметтік қолдау, қоршаған ортаны қорғау және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға арналған волонтерлік қызметтер аталды. Сонымен қатар «Игі істер марафоны» мен «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы сияқты бастамалар салалық және корпоративтік волонтерліктің дамуына әсері еткені де талқыланды.

Жасалған зерттеу волонтерлік ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін анықтап, елдің тұрақты дамуына ықпал ете алатынын көрсетті.