Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құжат қала тұрғындары мен энергетика саласы қызметкерлерінің өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруды көздейді. Әлеуметтік инфрақұрылымға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд теңгені құрайды және бұл Екібастұз тарихындағы ең ірі жобалардың бірі болып табылады.
Ең алдымен, меморандум аясында «Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобының қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл шешім өңірде білікті мамандарды тұрақтандыруға және олардың отбасылары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға мүмкіндік береді. Құны 12 млрд теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың II-III тоқсанында аяқтау жоспарланған.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Сонымен қатар акционерлік қоғамның еншілес ұйымдары екі заманауи балабақша салуды жоспарлап отыр. Екі нысанның жалпы құны шамамен 4 млрд теңгені құрайды. Алғашқы балабақшаны пайдалануға беру 2027 жылдың II-III тоқсанында, екіншісін 2028 жылдың I-II тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ меморандум аясында энергетика кәсіпорындарының қызметкерлеріне де, қала тұрғындарына да қолжетімді болатын спорт кешенін - фитнес-орталық салу да көзделген. Жоба бұқаралық спортты дамытуға және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған. Спорт кешенінің жоспарланған құны шамамен 2,5 млрд теңге, құрылысты аяқтау мерзімі - 2028 жылдың I-II тоқсаны.
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ынтымақтастықтың жеке бағыты ретінде Екібастұз ЖЭО аумағында («Energy Solutions Center» ЖШС) модульдік әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салу қарастырылған. Жоба заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасап, еңбек ету жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырады. Құны 1,4 млрд теңге болатын жобаның аяқталу мерзімі - 2027 жылдың I-II тоқсаны.
Күрделі құрылыс нысандарынан бөлек, құжат Екібастұз қаласын жыл сайын көгалдандыруды да қамтиды. Бұл жұмыстарға жыл сайын шамамен 100 млн теңге бөлініп, күзгі маусымда көшет отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Меморандум аясындағы жобаларды іске асыру Екібастұздың өнеркәсіптік және энергетикалық орталық ретінде ғана емес, өмір сүруге және жұмыс жасауға қолайлы, заманауи қала ретінде дамуына мүмкіндік береді.