Әлеуметтік желілерде балаларға арналған сәулелік терапия Қазақстанда қолжетімсіз болып қалғаны туралы тараған ақпарат қоғамда алаңдаушылық тудырды. Алайда бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Елде балаларға көрсетілетін мамандандырылған онкологиялық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық сәулелік емдеу әдістері жоспарлы түрде және үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда балаларға онкологиялық көмек көрсету жүйесі толық көлемде жұмыс істеп тұр және ешқандай үзіліс болған жоқ.
Балаларға онкологиялық ем – тегін
Қазақстанда онкологиялық ауруы бар балалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында ем алады. Бұл жүйе сәулелік терапияны да, заманауи технологияларды қолданатын күрделі емдеу әдістерін де толық қамтиды.
Балаларға арналған сәулелік терапия Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында (ҚазОжРҒЗИ) және Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта (ҰҒОО) көрсетіледі. Бұл орталықтарда балалармен жұмыс істеуге маманданған дәрігерлер, қажетті инфрақұрылым және көпжылдық тәжірибе бар.
Басымдық – ең аялауыш технологияларға
Балаларды емдеу кезінде дәрігерлер үшін ең маңыздысы – қауіпсіздік пен дәлдік. Сондықтан қазіргі таңда негізгі әдіс ретінде протонды терапия қолданылады. Бұл – сәуленің ісікке өте дәл бағытталуын қамтамасыз ететін, сау тіндерге зияны аз заманауи технология.
Протонды терапия Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың базасында жүргізіледі және мемлекет тарапынан толық қаржыландырылады.
Томотерапия сақталып отыр, тек форматы өзгерді
Томотерапия да мемлекет есебінен төленетін сәулелік терапия түрлерінің қатарында. 2025 жылдан бастап бұл қызметке қатысты өзгерістер енгізілді, алайда олар ұйымдастырушылық сипатта ғана.
Атап айтқанда, томотерапия амбулаторлық форматтан стационарлық деңгейге ауыстырылды. Бұл шешім, әсіресе балалар үшін емдеудің қауіпсіздігін арттыру және медициналық бақылауды күшейту мақсатында қабылданған. Пациенттердің емге қолжетімділігі бұл өзгерістерден шектелмейді.
Жеке клиникалардағы үзілістер жалпы жүйеге әсер етпейді
Кейбір жеке медициналық орталықтарда томотерапияның уақытша тоқтатылуы келісімшарттық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты. Бұл жағдай еліміздегі сәулелік терапияның жалпы қолжетімділігіне әсер етпейді.
Жеке клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және өңірлік онкологиялық орталықтармен өзара жұмысты дербес түрде жүргізеді.
Ел бойынша жабдық жеткілікті
Бүгінде Қазақстанда 28 желілік жеделдеткіш пен гамматерапиялық аппарат жұмыс істеп тұр. Бұл балаларды қоса алғанда, онкологиялық науқастарға қажетті көлемде сәулелік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Баланың мүддесі – басты орында
Мамандардың айтуынша, балаларға онкологиялық көмек көрсетуге қатысты барлық шешімдер пациенттің мүддесін бірінші орынға қоя отырып қабылданады. Мемлекет үшін басты мақсат – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және әрбір баланың заманауи, тиімді әрі қауіпсіз емдеу әдістеріне қолжетімді болуына жағдай жасау.