Арман қалай мұражайға айналды: Алматыда деректі фильм көрсетілімдері басталады

968
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Almaty Museum of Arts

Almaty Museum of Arts қазақстандық мәдени кеңістіктегі ең ауқымды жобалардың бірінің пайда болу тарихын баяндайтын «Қиылыстағы мұражай» деректі фильмінің көрсетілімдерін бастайтынын мәлімдеді. Бұл фильм – музей туралы ғана емес, арманның идеядан нақты кеңістікке айналу жолы жайлы сыр шертетін әсерлі хикая, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фильм Almaty Museum of Arts мұражайының қалыптасу кезеңін қамтиды: кәсіпкер, меценат әрі коллекционер Нұрлан Смағұлов пен оның жұбайы Мәдина Смағұлованың ішкі түйсігі мен идеяларынан бастап, Алматының мәдени картасында ерекше орын алған заманауи музейдің ашылуына дейінгі үдеріс көрерменге кеңінен ұсынылады.

Төрт жылдық бақылау және ішкі әлем

Деректі фильм төрт жыл бойы түсірілген. Оның режиссері – танымал деректі кино авторы, журналист әрі продюсер Андрей Лошак. Осы уақыт аралығында режиссер музейдің қалай «іштен» қалыптасқанын: алғашқы шешімдерден бастап, ұзақ күткен ашылу сәтіне дейінгі барлық кезеңді камераға түсірген. Almaty Museum of Arts өз есігін көрерменге 2025 жылғы 12 қыркүйекте ашты.

Фильмде ХХ ғасырдағы қазақ өнеріне тиесілі жеке коллекцияның қалайша мыңдаған адам келетін қоғамдық мәдени кеңістікке айналғаны көрсетіледі.

«Бұл мұражай – көптен бергі арманымның ғана емес, қоғам мен ел алдындағы белгілі бір жауапкершіліктің көрінісі. Әлемді аралап, ірі музейлерді көрген сайын Алматы да дәл осындай өнер ордасына лайық деп ойлайтынмын», – дейді музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов.

Өнер туындысының көрінбейтін жолы

Кадрда тек сәулет пен Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында бой көтерген ғимарат қана емес, өнер туындысының ұзақ әрі күрделі жолы да көрініс табады. Идеядан бастап, ізденіс, логистика, реставрация, кураторлық шешімдер – көп жағдайда көрерменге беймәлім процестер фильмде ашық көрсетіледі.

Деректі фильмде әлемге әйгілі суретшілер Яёи Кусама, Билл Виола, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Жауме Пленса, Йинка Шонибаре және Алисия Кваде еңбектері қазақстандық өнермен бір кеңістікте ұсынылып, мәдени диалог құрады.

Алматы және өнердің жаңа тілі

«Қиылыстағы мұражай» – музейдің дәл Алматыда орналасуы неліктен маңызды екені, кеңістіктің өнермен қалай «тіл табысатыны» және адамның оны қабылдауын қалай өзгерте алатыны жайлы ойтолғау.

«Бұл тарихты көпшілікпен бөлісу біз үшін үлкен қуаныш. Фильм музейдің ішкі өмірін сезінуге, жеке құштарлықтың қалайша ортақ мәдени құндылыққа айналатынын көруге мүмкіндік береді», – дейді Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева.

Қашан және қайда көруге болады

Фильмнің ұзақтығы – 1 сағат. Көрсетілімдер 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында Almaty Museum of Arts мұражайының Әл-Фараби залында (2-қабат) өтеді. Сеанстар қазақ және ағылшын тілдеріндегі субтитрлермен көрсетіледі.

Сеанс уақыты:

Жұмыс күндері

  • 17:15 – қазақ тіліндегі субтитрлермен
  • 18:45 – ағылшын тіліндегі субтитрлермен

Демалыс күндері

  • 11:15, 14:15, 17:15 – қазақ тіліндегі субтитрлер
  • 12:45, 15:45, 18:45 – ағылшын тіліндегі субтитрлер

Көрсетілімдер мұражай билеті бар барлық келушілер үшін тегін.

Бұл – тек бастамасы

«Қиылыстағы мұражай» – Almaty Museum of Arts пен оның коллекциясына арналған екі деректі фильмнің алғашқысы. 2026 жылдың көктемінде екінші фильмнің премьерасы өтеді. Ол кеңестік кезеңде қазақ өнерінің өзіндік стилін қалыптастырған алпысыншы жылдар буынына арналған.

Ұйымдастырушылар Алматы тұрғындары мен қала қонақтарын жаңа музейдің қалай дүниеге келгенін өз көзімен көруге және арманның ақиқатқа айналған сәтін сезінуге шақырады.

Almaty Museum of Arts туралы

Almaty Museum of Arts – коллекционер және меценат Нұрлан Смағұловтың бастамасымен құрылған заманауи өнерге арналған жекеменшік музей. Ол 2025 жылдың күзінде ашылды.

Музей қорында соңғы 30 жылда жиналған 700-ден астам қазақстандық және шетелдік өнер туындылары бар. Бұл – аймақтағы ең ірі жеке коллекциялардың бірі.

Аумағы 10 060 шаршы метр ғимаратты британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Музейлік жоспарлау бойынша кеңесші – Lord Cultural Resources, ал инженерлік шешімдерді Buro Happold компаниясы әзірлеген.

Музей сәулетінде таулы ландшафт пен заманауи қаланың контрастына басымдық берілген: ғимарат екі L-тәрізді көлемнен тұрады.

Музей жұмыс уақыты: Күн сайын 11:00-ден 20:00-ге дейін (19:00-ден кейін кіруге болмайды), дүйсенбі – демалыс. Билет құны: стандарт – 2000 теңге, жеңілдетілген – 500 теңге.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -