Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында экономикалық реформаларды іске асыру, ірі инвестициялық жобаларды жеделдету және халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығару мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаларға бақылау күшейеді
Отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің алдыңғы шешімдерінің орындалу нәтижелері қаралып, жобаларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыру және келісу мерзімдерін қысқарту жөніндегі ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ бірлескен бағдарламаларды кеңейту перспективалары талқыланды.
Премьер-министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі ұлттық байланыс жасайтын тұлға болып бекітілгенін мәлімдеді.
Бұл шешім жобалық тәртіпті күшейтіп, халықаралық серіктестермен бірлескен бағдарламалар мен талдамалық зерттеулердің келісу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ұзақмерзімді инвестициялық жоспар ұсынылды
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михнев приоритетті бағдарламаларды тиімді жоспарлау үшін мемлекеттік қарыздар мен кепілдіктерді қамтитын көпжылдық инвестициялық жоспарды бекітуді ұсынды. Оның айтуынша, қаржыландыру көздері нақты көрсетілген мұндай құжат жобаларды іске асырудың ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Энергетикалық көшу - инвестиция тартудың жаңа мүмкіндігі
Отырыста энергетикалық трансформация мәселелері бөлек блок ретінде қаралды. Қатысушылар энергетикалық көшу бойынша елдік инвестициялық платформаны қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды талқылады. Бұл платформа басым жобаларды біріктіріп, ұзақмерзімді халықаралық қаржыландыру тартуға бағытталмақ.
Энергетикалық көшу:
- энергиямен қамту сенімділігін арттыруға,
- технологиялық жаңаруға,
- инвестициялық тартымдылықты күшейтуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
2025 жылы ҚР Энергетика, Экология және табиғи ресурстар министрліктері ЕҚДБ-мен бірлесіп, энергетика секторына басымдық бере отырып, Қазақстанның әділ энергетикалық көшуі жөніндегі Елдік инвестициялық платформасының (KazJETP) тұжырымдамасын әзірледі.
Бұл платформа халықаралық қаржы институттары, мемлекет және жеке сектор ресурстарын біріктіре отырып, климаттық қаржыландыруды үйлестірудің тиімді жүйесі ретінде қарастырылып отыр.
Су, инфрақұрылым және қауіпсіздік
Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен іске асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық жобалар талқыланды. Атап айтқанда:
- су шаруашылығы,
- су тасқыны тәуекелдерін басқару,
- коммуналдық инфрақұрылым салаларындағы жобалар.
Олардың қатарында Ақмола облысындағы Есіл өзенінде қарсы реттегіш салу және Степногорск қаласының кәріздік тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жобалары бар. Бұл жобаларға Азия даму банкінің қатысуы қарастырылып отыр.
Үкіметтің ұстанымы
Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық қаржы институттарымен әріптестік экономиканың тұрақты дамуы мен басым салаларға инвестиция тартуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Үкімет ұзақмерзімді тиімді нәтиже беретін бастамаларды қолдауды және туындаған мәселелерге жедел ден қоюды жалғастырады.
Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға халықаралық әріптестермен бірлесіп ұсыныстарды пысықтау, іс-қимылдарды үйлестіру және бірлескен инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыру тапсырылды.